Инвесторлардың құқықтарын қорғау - Қостанай облысы прокуратурасы қызметінің басым бағыттарының бірі.
Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша жұмысты жалғастыра отырып, облыс прокуроры Марат Сексембаев «Invest caravan» форматы шеңберінде Қостанай қаласының индустриялық аймағына барып, ірі инвесторлар – «Kia» зауытының, «Тобыл» халықаралық көліктік-логистикалық кешенінің және жеңіл автомобильдерге арналған автокомпоненттер өндіру жөніндегі Локализациялық орталықтың өкілдерімен кездесулер өткізді. Кездесу барысында инвестициялық жобаларды іске асырудың проблемалық мәселелері талқыланды.
Аталған жобалар бойынша инвестиция көлемі 200 млрд теңгеден асады, 3 мыңға дейін жұмыс орнын құру көзделген, бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етеді.
Облыс прокуроры атап өткендей, бүгінгі таңда облыс прокуратурасының органдары жалпы құны 7,2 трлн теңге болатын 184 инвестициялық жобаны сүйемелдейді және 24 мыңға жуық жұмыс орнын құрады.
Әрбір жобаға оларды іске асыруға кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді анықтауды және жедел жоюды қамтамасыз ететін дербес прокурор бекітілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері бес инвестордың проблемалық мәселелерін шешуге жәрдем көрсетілді. 8 заңсыз тексерудің күші жойылды, ал жалпы облыс бойынша прокурорлық қадағалау актілері бойынша 7 мыңнан астам бизнес субъектілері мен кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды.
Бұдан басқа, инвесторлармен кездесулер барысында мемлекеттік органдардың өз мәселелерін қозғайтын әрекеттері мен шешімдерін қарау кезінде прокурорлық фильтрді қолдану тәртібі, сондай-ақ өңірлік инвестициялық омбудсменнің өкілеттіктері түсіндірілді.
Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, бизнес субъектілері мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жұмыстары жалғасуда.
Қостанай облысының прокуратурасы