Прокуратура тексерісінен кейін Рудный қаласы мен Қашар кентінің тұрғындарына жылу тарифтері төмендетілді

Прокуратура тексерісінен кейін Рудный қаласы мен Қашар кентінің тұрғындарына жылу тарифтері төмендетілді

Рудный қаласының прокуратурасы қадағалау қызметі барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тарифтер мәселелеріне ерекше назар аударды.

Тексеру нәтижесінде Рудный қаласы мен Қашар кентін жылу энергиясын тасымалдау және бөлу қызметімен қамтамасыз ететін «Рудный жылу желілері» ЖШС тарифтік сметаның жекелеген баптарын 150 млн теңгеден астам сомаға орындамағаны анықталды.

Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті тарапынан кәсіпорын көрсететін қызметтер тарифі қайта есептелді.

Нәтижесінде ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап Рудный қаласының 100 мың тұрғыны мен 997 ұйымы үшін жылумен жабдықтау қызметіне уақытша өтемдік тариф енгізілді.

Атап айтқанда, Рудный қаласында тариф 177,96 теңге/Гкал (ҚҚС-сыз), яғни 1,73%-ға төмендетілді, ал Қашар кентінде 763,04 теңге/Гкал (ҚҚС-сыз), яғни 6%-ға төмендеу қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, тарифті қалыптастыру барысында жіберілген бұзушылықтар үшін аталған кәсіпорын табиғи монополия субъектісі ретінде әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 3,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл толық көлемде өндірілді.

Прокуратураның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тарифтерге мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасуда.

Қостанай облысының прокуратурасы