Қостанай облысының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында облыс әкімдігі мен білім беру ұйымдарымен бірлесіп, тәуекел тобындағы кәмелетке толмағандарды ерте анықтауға, қолайсыз отбасылармен атаулы жұмысқа бағытталған, сондай-ақ оқушылардың құқықтық тәрбиесін арттыруға бағытталған «Бала қорғау 2026» ведомствоаралық жоспарын іске асырады.
Облыстың 6 орта мектебі мен 20 колледжінің оқушыларымен жеке профилактикалық жұмыс жүргізу жоспары шеңберінде прокуратура және ішкі істер органдарының 23 қызметкері мен ардагерін тарта отырып, «Тәлімгер» жобасы іске асырылуда.
Білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде жасөспірімдер қылмыстарының саны 75%-ға - 8-ден 2 фактіге дейін қысқарды.
Ағымдағы жылдың 5 мамырынан бастап облыс бойынша балалар мен олардың ата-аналарының психологиялық көмекке анонимді қолжетімділігін қамтамасыз ететін «Досым» чат-бот іске қосылды.
Бүгінгі күні чатқа 700-ге жуық хабарлама келіп түсті, оның ішінде 16-сы буллинг мәселелері бойынша, 42-і жеке қарым-қатынас мәселелері бойынша. Барлық өтініштер бойынша қажетті көмек ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп, жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіледі. Жыл басынан бері мобильді топ тәуекел тобына жататын 1 730 отбасына барған. Жүргізілген жұмыстың нәтижелері бойынша 6 отбасына тұрғын үй, 109 отбасына әлеуметтік және өзге де көмек көрсетілді.
Сондай-ақ, 215 жасөспірім профилактикалық есепке алынды, балаларды оқыту және тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамаған 203 ата-ана әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Тағы 12 бала жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарға орналастырылды. Сотқа ата-ана құқықтарынан айыру немесе шектеу туралы 23 талап арыз жолданды.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жұмыстары жалғасуда.
Қостанай облысының прокуратурасы