"Айқын нәтиже" жобасы: Қостанай ауданында қауіпсіздік және алдын алу шаралары

"Айқын нәтиже" жобасы: Қостанай ауданында  қауіпсіздік және алдын алу шаралары

Қостанай ауданының прокуратурасы жыл басынан бері құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қылмыс деңгейін түбегейлі төмендетуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған "Айқын нәтиже" жобасын іске асыруда.

Мобильді топ уәкілетті органдардың қатысуымен 18 рейдтік іс-шара өткізді, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсете отырып, өмірлік қиын жағдайдағы 90 отбасына барды.

Прокуратураның үйлестіруімен алимент төлеуден жалтарғаны үшін 2 борышкер қылмыстық жауаптылыққа, 3 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Жыл басынан бері әрекет ету шараларымен 7 млн теңгеден астам сомаға алимент бойынша берешек өндірілді.

Пробация қызметтері мен ішкі істер органдарының есебінде тұрған адамдармен құқық бұзушылықтардың қайта жасалуының алдын алу мақсатында құқыққа қайшы мінез-құлықтың құқықтық салдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ әлеуметтік бейімдеу шаралары көрсетілді.

Осылайша, 5 адамға жұмысқа орналасуға және өзге де әлеуметтік көмек көрсетілді, тағы 6 адам медициналық кодтаудан өтіп, алкогольдік ішімдіктерді тұтынудан өз еркімен бас тартты.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде ауданда жыл басынан бері бұрын сотталған адамдар (-27%), мас күйінде (-50%) және адамдар тобында (-100%) жасаған қылмыстар санының төмендеуі байқалады. Жасөспірімдермен қылмыс жасауына жол берілмеді.

Сонымен қатар, ең көп таралған қылмыстардың саны азайды: ұрлық – 21%–ға, алаяқтық-23%–ға, оның ішінде интернет – алаяқтық-29%-ға, тонау-100%-ға.

Өңірде "Айқын нәтиже" жобасы бойынша жұмыстар жалғасуда.

 Қостанай облысының прокуратурасы