Қостанай облысының прокуратурасында облыс прокуроры Марат Сексембаевтың «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Қанат Шарлапаевпен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында облыс прокуроры өңірде соңғы үш жылда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді.
Атап айтқанда, қабылданған шаралар нәтижесінде 15 мыңға жуық кәсіпкердің құқықтары қорғалды, 15 заңсыз шектеу шарасы жойылып, 9 заңсыз тексерудің жолы кесілді.
Кәсіпкерлік субъектілері мен инвесторлардың құқықтарын бұзғаны үшін 66 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілік түрлеріне тартылды.
Прокуратура тарапынан жалпы сомасы 1,7 трлн теңгені құрайтын 33 инвестициялық жобаға сүйемелдеу қамтамасыз етілді. Жергілікті атқарушы органдармен, өңірлік кәсіпкерлер палатасымен және өзге де уәкілетті органдармен бірлесіп 57 проблемалық мәселе шешімін тапты.
Қазіргі уақытта жалпы сомасы 3,3 трлн теңгені құрайтын, өңірде 15 мың жұмыс орнын құруды көздейтін тағы 172 жоба сүйемелденуде. Әрбір жобаға жауапты прокурорлар бекітілген.
Марат Сексембаев инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, оның ішінде құқықтық қорғау мен қолдау, оларды іске асырудың барлық кезеңдерінде жүзеге асырылатынын атап өтті.
Өз кезегінде Қанат Шарлапаев әрбір кәсіпкер өзін заңмен қорғалғанын сезінуі маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ол прокуратура - бизнестің өтініштеріне жедел әрекет ету және әкімшілік кедергілерді жоюда негізгі серіктес болып табылатынын атап өтті.
Қостанай облысының прокуратурасы