Бейімбет Майлин ауданының прокуратурасы аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Май жалпы білім беретін мектебінің оқушыларымен кездесу ұйымдастырды.
Оқушыларға буллинг, бұзақылық, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар беру, есірткі құралдарының заңсыз айналымы және басқа да құқық бұзушылықтар жасаудың әкімшілік және қылмыстық жауаптылығы түсіндірілді.
Кездесу соңында оқушыларға есірткінің зияны мен оны қолдану және тарату салдарының зардаптары туралы «Закладчики. Мать» атты деректі фильм көрсетілді.
Аталған фильм нақты мысалдар арқылы жеңіл табыс табу мақсатында есірткі таратумен айналысып, нәтижесінде бас бостандығынан айырылған жастардың тағдырын көрсетеді.
Фильм кейіпкерлерінің мысалы есірткі бизнесіне апаратын жол әрдайым қайғылы жағдаймен аяқталатынын - тек жас адамның өзі үшін ғана емес, оның жақындары үшін де ауыр салдарға әкелетінін айқын дәлелдейді.
Жалпы, бұл фильм ауданның барлық мектептеріндегі 700-ден астам оқушыға көрсетілді.
Бейімбет Майлин ауданының прокуратурасы ескертеді: есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысу қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
«Жылдам табыс» туралы ұсыныстарды қабылдауда ерекше сақ болу қажет. Мұндай ұсыныстар көбінесе қылмыстық әрекеттермен байланысты болып келеді және болашақ үшін ауыр салдарға соқтыруы мүмкін.
Қостанай облысының прокуратурасы