
Қостанай қаласында Ғалихан Ержанов атындағы болашақ прокурорлар клубының салтанатты ашылуы өтті.
Клубтың негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, күрделі өмірлік жағдайларда салмақты шешім қабылдау дағдыларын дамыту, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ оқушылардың ерте кәсіби бағдарлануына ықпал ету.
Іс-шараға Ғалихан Нұрмұханбетұлы Ержановтың отбасы мүшелері, Қостанай қаласындағы №22 орта мектептің педагогтері мен оқушылары қатысты.
Клубқа Қостанай облысы Қамысты ауданының тумасы, бар ғұмырын мемлекетке қызмет етуге және заңдылықты нығайтуға арнаған Ғалихан Нұрмұханбетұлы Ержановтың есімі берілді. Ол аудан прокурорының көмекшісінен бастап сот жүйесіндегі басшылық лауазымдарға дейінгі еңбек жолынан өтті, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Әділет министрі, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары қызметтерін атқарды және өмірінің соңғы жылдарында Қостанай облысының прокуратурасын басқарды.
«Клубтың құрылуы – оқушылардың заңға деген құрметін қалыптастыру мен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіндіру жолындағы маңызды қадам. Құқықтық мәдениеттің негізі дәл жасөспірім шақта қаланады. Осындай жобалар жастарға заңға бағынатын мінез-құлық пен белсенді азаматтық ұстанымды саналы түрде таңдауға көмектеседі», – деп атап өтті облыс прокуроры Марат Сексембаев.
Ержановтың отбасы клубтың ашылуын ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, оның есімі мен еңбек жолы өскелең ұрпақ үшін өнегелі бағдар болып қала беретіні олар үшін аса маңызды екенін атап өтті.
№22 орта мектептің оқушылары клуб мүшелері ретінде болашақ прокурорлардың антын қабылдады. Облыс прокуроры қатысушыларға жауапкершілік, заңға адалдық және қоғамға қызмет етуге дайындықтың символы саналатын клубтың төсбелгісін табыстады.
Клуб жұмысы аясында прокуратура қызметкерлерімен дәрістер мен кездесулер, құқықтық интерактивті ойындар, сот процестерін модельдеу, дебаттар мен байқауларға қатысу, сондай-ақ прокуратура органдарына танымдық экскурсиялар ұйымдастыру жоспарланған. Бағдарлама оқушыларды құқық қолдану қызметінің негіздерімен тәжірибелік тұрғыда таныстыруға және сыни ойлау қабілетін дамытуға бағытталған.
Жобаны іске асыру оқушылардың құқықтық сауаттылығын едәуір арттыруға, мемлекеттік билік институттарына деген сенімді нығайтуға және өскелең ұрпақтың заңға деген берік құрметін қалыптастыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Болашақта бұл тәжірибе облыстың басқа мектептерінде осындай клубтар ашуға негіз болмақ.
Қостанай облысының прокуратурасы