Бүгін «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында облыс прокуратурасының бастамасымен өңір аумағында балалардың құқықтарын қорғауға және алименттік және өзге де міндеттемелер бойынша берешегі бар азаматтарға кешенді көмек көрсетуге бағытталған бірыңғай облыстық «Еңбек қолдау» әлеуметтік маңызы бар акциясы өткізілді.
Акция облыстың барлық қалалары мен аудандарында бір мезгілде бастау алып, өңір тұрғындарының барлығын қамтуға мүмкіндік берді. Бұл облыс орталығына бармай-ақ құқықтық көмек алуға, кеңес алуға және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге тең мүмкіндік жасады.
Іс-шараға 130-дан астам мемлекеттік орган өкілдері, 100-ден астам жұмыс беруші кәсіпорын, 18 оқу орталығы, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Жұмысқа орналасуға жәрдем алу және консультациялық көмек көрсету бойынша 1800-ден астам өңір тұрғыны жүгінді.
Акцияның негізгі мақсаты – борышкерлерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу ғана емес, сонымен қатар алименттік міндеттемелерді ерікті және жүйелі түрде орындауға жағдай жасау. Қатысушыларға бос жұмыс орындары, кәсіби оқыту мүмкіндіктері, құқықтық кеңес беру және берешекті реттеуге көмек ұсынылды.
Облыс прокуроры М.И. Сексембаев атап өткендей, алимент төлемеу – ең өзекті әрі әлеуметтік маңызы жоғары мәселелердің бірі. «Әрбір нақты жағдайда сөз жай ғана берешек туралы емес, баланың лайықты асырауға, тамақтануға, білім алуға, медициналық көмекке және жан-жақты дамуға деген құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы болып отыр», – деп атап өтті облыс прокуроры.
Облыс бойынша алименттік міндеттемелер бойынша жалпы берешек сомасы 3,8 млрд теңгеден асады. Оның ішінде 1 мың атқарушылық іс жүргізу бойынша 1 млрд теңгеден астамы проблемалық санатқа жатады. Бұл көрсеткіштердің артында балалардың тағдыры, олардың күнделікті қажеттіліктері мен болашағы тұр.
2025 жылы алименттік міндеттемелерді орындамағаны үшін 539 борышкер қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Облыс прокуроры прокуратура органдары алименттік міндеттемелерді орындаудан жалтару фактілеріне қағидатты түрде әрекет ететінін және қажет болған жағдайда заңда көзделген жауапкершілік шараларының толық кешенінің қолданылатынын атап өтті. Алайда, іс-шараның басты басымдығы жазалау шараларына емес, азаматтардың өз міндеттемелерін ерікті түрде орындауына жағдай жасауға бағытталған.
«Бала алдындағы жауапкершілік – бұл тек заң талабы ғана емес, әрбір ата-ананың ар-ожданы мен кемелдігінің көрсеткіші. Мемлекет, қоғам және ата-аналар бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана біз балаларға тұрақтылықты, қорғауды және ертеңгі күнге сенімділікті қамтамасыз ете аламыз», – деп атап өтті облыс прокуроры М.И. Сексембаев.
Акция қорытындысы бойынша жұмысқа орналастырылған борышкерлер саны артып, проблемалық атқарушылық іс жүргізулер саны қысқарып, нақты өндірілген алимент көлемі ұлғайып, ата-аналардың жауапкершілік деңгейі артады деп күтілуде.
Қостанай облысының прокуратурасы