"Прокуратура алқасы: әлеуметтік осал санаттағы азаматтар құқықтарын қорғау - басымдықта"

"Прокуратура алқасы: әлеуметтік осал санаттағы азаматтар құқықтарын қорғау - басымдықта"

Облыс прокуроры Марат Сексембаевтың төрағалығымен мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы сақтау мәселелеріне арналған Қостанай облысы прокуратурасы алқасының кеңейтілген отырысы өтті.

Алқа жұмысына мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жөніндегі уәкіл, Халықты әлеуметтік қорғау және мемлекеттік еңбек инспекциясы саласындағы облыстық департаменттердің, өңірлік кәсіпкерлер палатасының, облыс әкімдігінің бейінді басқармасының басшылары, сондай-ақ облыс әкімінің мүгедектік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі қатысты.

Отырыс барысында жергілікті атқарушы органдарда және 1700-ден астам мүгедек азаматтар тұратын 10 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында прокурорлық тексерулердің нәтижелері қаралды.

Көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасына ғана емес, бастапқы мүгедектік себептеріне де ерекше назар аударылады. Мүгедектік санының өсуіне өндірістік жарақаттану мен жол-көлік оқиғалары да әсер ететіні атап өтілді.

Сондай-ақ, облыс прокуратурасы мен әкімдігінің бастамасы бойынша іске асырылатын, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған "Life Helper" ("Өмір көмекшісі") және "As-Qamqorlyk" цифрлық жобаларының нәтижелері жинақталды.

Мәселелердің жеке блогы мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға және инватакси қызметтерінің қолжетімділігін кеңейтуге қатысты болды.

Облыс прокуроры жұмыс берушілерді мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын құру кезінде қолданыстағы мемлекеттік преференциялар - салықтық және қаржылық қолдау шаралары туралы белсенді хабардар ету қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған облыстық " Мүмкіндік " акциясын тұрақты негізде өткізу ұсынылды.

Отырысты қорытындылай келе, Марат Сексембаев прокурорларға жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.

                                                                                                  Қостанай облысының прокуратурасы