Қостанай облысының прокуратурасы бизнес пен инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтуде

Қостанай облысының прокуратурасы бизнес пен инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтуде

Бүгін Қостанай облысында өңір прокуратурасының бизнес өкілдері мен инвесторлармен кездесуі өтті. Іс-шара бизнес пен инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін түсіндіруге және ашық диалог орнатуға бағытталды.

Кездесуді ашқан Қостанай облысының прокуроры Марат Сексембаев: «Бизнес пен инвесторлар прокуратураны «алыстан бақылаушы» қадағалау органы емес, заңдылықты қамтамасыз ету, құқықтарды қорғау және тұрақты іскерлік ортаны қалыптастыру мәселелерінде серіктес ретінде қабылдауы біз үшін маңызды», - деп атап өтті.

Өз сөзінде облыс прокуроры Мемлекет басшысының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес, прокуратура органдарында инвесторлардың құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа функциялар енгізіліп, белсенді түрде іске асырылып жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерінде - іске қосудан бастап пайдалануға беруге дейін - прокурорлық қолдау қамтамасыз етіледі.

Әрбір инвестор мемлекеттік органдар тарапынан оның құқықтары бұзылған жағдайда прокуратураның жедел араласуына сенім арта алады. Бұл жұмыстың басты мақсаты - өңірде болжамды, қауіпсіз және заңды іскерлік ортаны қалыптастыру.

Кездесу барысында адал бизнесті қорғауға ерекше назар аударылды.

«Біздің ұстанымымыз - кәсіпкер заңсыз қысымнан қорғанумен емес, өз ісін дамытуымен айналысуы тиіс. Бизнестің қызметіне заң шеңберінен тыс кез келген араласу қатаң әрі уақтылы құқықтық баға алады», - деді облыс прокуроры.

Кездесу барысында кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, салық салу және жер заңнамасы салаларындағы өзекті мәселелерді көтерді.

Өткен іс-шара бизнес қауымдастығының белсенді екенін, ашық диалогқа дайын екенін және өңірдің дамуына мүдделі екенін көрсетті.

Кездесуді қорытындылай келе, облыс прокуроры мұндай іс-шаралар мемлекет пен бизнес арасындағы тұрақты ақпарат алмасуды қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде өткізілетінін мәлімдеді. Барлық көтерілген мәселелер оларды шешу үшін жан-жақты пысықталатын болады.

Қостанай облысының прокуратурасы