Рудный қаласында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Айқын нәтиже» пилоттық жобасы іске қосылды

Рудный қаласында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Айқын нәтиже» пилоттық жобасы іске қосылды

2026 жылғы 28 қаңтарда Рудный қаласында қылмыс деңгейін кешенді түрде төмендетуге және қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған «Айқын нәтиже» пилоттық жобасының іске қосылуы өтті.

Жоба прокуратура органдарының бастамасымен қала әкімдігі мен полицияның бірлесуі арқылы жүзеге асырылуда және өңірдегі криминогендік жағдайды ескере отырып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға жүйелі тәсілді көздейді.

Жобаның тиімділігін бағалаудың негізгі индикаторлары ретінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы деңгейін төмендету, профилактика субъектілерімен және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды күшейту, сондай-ақ қылмыстардың ашылу көрсеткіштерін жақсарту айқындалған. Жобаны енгізу қажеттілігі қаладағы ағымдағы криминогендік жағдаймен негізделеді.

«2025 жылы Рудный қаласында 658 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, бұл айына орта есеппен 54 қылмыс деген сөз. Әрбір үшінші қылмыс алкогольдік масаң күйде болған, бұрын сотталған және тұрақты табыс көзі жоқ тұлғалар тарапынан жасалған. Мұндай әрбір деректің артында нақты адам тағдырлары тұр», - деп атап өтті облыс прокуроры.

«Айқын нәтиже» жобасы уәкілетті органдармен келісілген Жол картасын кезең-кезеңімен іске асыруды көздейді. Жол картасын әзірлеуге қаладағы криминогендік жағдайға терең талдау жүргізу негіз болған. Құжат сегіз бөлімнен және профилактикалық жұмысты күшейтуге, қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған 50 іс-шарадан тұрады.

Жобаның негізгі мақсаты - көшедегі, алкогольдік, қайталама және жасөспірімдер қылмысын, жол-көлік оқиғаларын азайту, сондай-ақ есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимылды күшейту. Бұл ретте ведомствоаралық өзара іс-қимылға және барлық мүдделі тараптарды тартуға ерекше назар аударылады.

«Тіпті ең жақсы ойластырылған шешімдер де қоғамның, бизнестің және жастардың белсенді қатысуынсыз тиімді болмайды. Мемлекет пен азаматтардың бірлескен жұмысы, сондай-ақ құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру ғана қоғамдық қауіпсіздік саласында тұрақты әрі ұзақ мерзімді өзгерістерді қамтамасыз ете алады», - деп атап өтті облыс прокуроры.

Ашықтықты қамтамасыз ету және қоғамдық пікірді ескеру мақсатында Жол картасы халықтың танысуы және ұсыныстар енгізуі үшін ведомстволық сайтта орналастырылған.

Жобаның іске асырылуы прокуратура органдары мен уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында болып, азаматтардан келіп түсетін кері байланыс ескеріледі.

Қостанай облысының прокуратурасы