2026 жылғы 13 қаңтарда Қостанай облысының прокуратурасында өңірдегі қылмыстың жай-күйіне, әсіресе мереке күндерінде және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша кеңес өтті.
Қаңтар айының алғашқы 11 күнінде өңірде қылмыстық құқық бұзушылықтардың төмендеуі байқалады. Алайда, жыл басынан бері 4 адам өлтіру, 34 ұрлық және 34 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген.
Алкогольдік мас күйінде 10 қылмыстық құқық бұзушылық және қоғамдық орындарда 21 құқық бұзушылық жасалған.
Облыс прокуроры Марат Сексембаев әрбір құқық бұзушылық бойынша олардың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайлар анықталып, оларды жою жөнінде тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.
Қала және аудан прокурорларына уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, «бар» деп аталатын алкоголь өнімдерін заңсыз сатумен айналысатын сауда нүктелері мен дүкендерге қатысты шаралар қабылдау тапсырылды.
Сонымен қатар, облыс прокуроры ойын-сауық мекемелерінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Келушілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төну тәуекелі болған жағдайда полицияның жүйелі түрде шақырылуы, оқиғалар мен қылмыстардың орын алуы және мекеме әкімшілігінің әрекетсіздігі анықталған кезде, мекемелердің қызметін тоқтата тұруға дейін шара қолдану тапсырылды.
Қостанай облысының прокуратурасы