Қостанай облысының прокуроры Марат Сексембаевтың төрағалығымен прокуратура органдарының 2025 жылғы қызметінің қорытындылары қаралып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалған кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Облыс прокурорының атап өтуінше, есепті жылы негізгі күш-жігер келесі бағыттарға жұмылдырылды: азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау; құқықбұзушылықтардың алдын алу; заңдылықты қамтамасыз ету; адал бизнес пен инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
Атап айтқанда, 150 мыңнан астам азаматтың құқықтары қорғалды.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша мемлекет кірісіне 9,6 млрд теңге өндірілді, 6 млрд теңге көлеміндегі бюджеттік шығындардың алдын алу қамтамасыз етілді.
Облыста қайтарылған активтер есебінен 24 млрд теңгеге 25 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда.
Экономикаға 800 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлаған инвесторлардың 35 кейсі шешілді.
Федоров ауданында 2020 жылдан бері тоқтап тұрған, құны шамамен 200 млн теңге болатын ет комбинатын іске қосу бойынша шаралар қабылданды.
2 мың кәсіпкердің құқықтары қорғалып, АӨК саласындағы 35 млрд теңге көлеміндегі субсидиялық берешек төленді. 24 лауазымды тұлға, оның ішінде облыстық деңгейдегі 2 басшы, жауапкершілікке тартылды.
20 азаматтың қылмыстық процеске заңсыз тартылуына жол берілмеді.
28 адамға қатысты сот актілері заңға сәйкестендіріліп, 8 сотталғанның жағдайы жақсартылды.
Прокуратураның бастамасымен және облыс әкімдігінің қаржылай қолдауымен Қостанай қаласындағы №38 мекемеде жалпы ауданы 900 шаршы метр болатын екі модульдік ғимарат салынды. Бұл 150 жаңа жұмыс орнын ашуға және сотталғандардың жұмыспен қамтылу деңгейін 50%-дан 70%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
«Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында түсіндіру және профилактикалық кездесулер өткізілуде.
«Халық заңгері», «Құқықтық дәріхана» акциялары ұйымдастырылып, 2 мыңнан астам азамат қамтылды, 36 шалғай елді мекенге шығу жүзеге асырылды.
Есірткі қылмысына қарсы күрес бағытындағы белсенді жұмыс жалғастырылды. Қылмыстық есірткі кірістерін бұғаттау алгоритмін іске асыру басталды.
Нәтижесінде 194 млн теңгеге тыйым салынды, Telegram-арна арқылы жұмыс істеген есірткі дүкенінің 2 ұйымдастырушысы ұсталды, 10 фитозертхана жойылды, заңсыз айналымнан 410 кг есірткі заттары тәркіленді.
Алаяқтықпен күрес аясында прокуратураның үйлестіруімен 280 жәбірленушінің пайдасына 398 дропперден 429 млн теңге өндірілді, екінші деңгейлі банктерде 500 млн теңгеге кредиттерді өндіру тоқтатылды.
Алқа отырысын қорытындылай келе, облыс прокуроры алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді айқындап, нақты тапсырмалар берді.
Прокуратура органдары қызметінің негізгі бағыты «Заң мен тәртіп» идеологемасын ілгерілетуге, нөлдік төзімділік қағидатын, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірде заңдылықты, құқықтық тәртіпті нығайту және қылмысқа қарсы күреске бағытталатын болады.
Қостанай облысының прокуратурасы