Қостанай облысының прокуратурасы: қадағалау қызметінің қорытындысы

Қостанай облысының прокуратурасы:  қадағалау қызметінің қорытындысы

6 желтоқсан - Қазақстан Республикасында прокуратура органдарының құрылған күні - заңдылықты қамтамасыз етуде және азаматтардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқаратын қадағалау органының кәсіби мерекесі.

Осы айтулы күн қарсаңында азаматтардың құқықтарын қорғауға, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға ықпал еткен қадағалау қызметінің қорытындылары және өңір үшін өзекті тексерулер туралы қысқаша ақпарат бергім келеді.

Тәуелсіз Қазақстан прокуратурасы институтының тарихи негізі мен дамуы 1991 жылғы 6 желтоқсанда бастау алады. Дәл осы күні Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына бағынатын прокуратура органдарының бірыңғай жүйесі құрылды.

1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы прокуратураның мәртебесін жоғарғы қадағалау органы ретінде бекітіп, оның негізгі өкілеттіктерін айқындады. 1995 жылғы 21 желтоқсанда қабылданған «Прокуратура туралы» Заң прокуратураны Президентке есеп беретін, өзге мемлекеттік органдардан тәуелсіз біртұтас орталықтандырылған жоғарғы қадағалау органы ретінде бекітті.

Қазақстан прокуратурасының қалыптасуы мемлекетіміздің жас тәуелсіз ел ретінде дамуымен тығыз байланысты. 2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдум негізінде Конституцияға енгізілген өзгерістер прокуратураның өкілеттіктерін нақтылап, оған заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалау, мемлекет мүддесіне сотта өкілдік ету және қылмыстық қудалауды жүзеге асыру функцияларын жүктеді.

Прокуратура туралы заң конституциялық мәртебеге ие болып, барлық меншік нысандарындағы мемлекеттік органдар және ұйымдармен өзара іс-қимылда азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру механизмін бекітті, сондай-ақ прокуратураның үйлестірушілік рөлі күшейтілді.

2025 жылдың өткен кезеңінде облыс прокуратурасымен 153 мыңнан астам азаматтың құқықтары қорғалды, оның ішінде 13 мың конституциялық құқық қалпына келтірілді, 621 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Мемлекетке 9 млрд теңгеден астам қаражат өндіріліп, мемлекеттік бюджетке 5 млрд теңге мөлшеріндегі шығынның алдын алынды, құны 1,4 млрд теңге болатын 58 мың гектар жер бойынша мемлекет құқықтары қалпына келтірілді.

Агроөнеркәсіп кешенінде 96 млн теңге мөлшеріндегі субсидияларды жымқыру фактілері анықталып, кінәлі 3 тұлға сотталды.

Еңбек саласында 2071 жұмыскердің құқықтары қорғалып, 290 млн теңге еңбек жалақысы өндірілді, білім саласының 1800 қызметкеріне 183 млн теңге көлемінде өтемақы төленуі қамтамасыз етілді.

Прокурорлар 2053 кәсіпкердің құқықтарын қорғап, инвесторлардың 33 өзекті мәселесі шешілді, бизнес субъектілерінің мүдделерін бұзған 24 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Құқықбұзушылықтың алдын алу саласында прокуратураның үйлестіруімен «Пробация үйі», «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ», «Алаяқтардан қорғау» жобалары іске асырылуда. «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы белсенді түрде ілгерілетілуде.

Бұл өңірдегі қылмыс деңгейінің төмендеуіне ықпал етіп, аса ауыр қылмыстар 62%-ға, ұрлық 26,8%-ға, тонау 20,7%-ға, бопсалау 37,5%-ға азайды. Бұрын сотталғандар, мас күйінде және қоғамдық орындарда құқықбұзушылық жасайтындар саны қысқарды.

Облыстың 17 елді мекені «Ішімдіксіз ауылдар» бастамасын қолдап, ерікті түрде қосылды.

Прокуратураның үйлестіруімен 2003 жылғы кісі өлтіру қылмысы ашылды, 10 фитолаборатория жойылды, 2 ұйымдастырушы ұсталды, заңсыз айналымнан 380 кг-нан астам есірткі тәркіленді.

630 наркограффити жойылды, ҚР ҚК-нің 299-1-бабы (есірткі құралдарын насихаттау және жарнамалау) бойынша 21 сотқа дейінгі тергеу басталды, 3 тұлға жауапкершілікке тартылды.

Үш буынды қылмыстық процестің шеңберінде 20 азаматты негізсіз қылмыстық жауаптылыққа тартудың алдын алу мүмкін болды.

Соттардағы прокурорлардың қатысуы нәтижесінде 23 тұлғаға қатысты заңсыз қаулы қайта қаралды, оның 5-інде жаза жеңілдетілді.

Халықтың құқықтық көмек алуын барынша қамтамасыз ету мақсатында «Қоғамдық қабылдау» және «Құқықтық дәріхана» сияқты әртүрлі форматтағы іс-шаралар өткізіледі.

«Заң мен Тәртіп» акциясы аясында 819 азамат, «Құқықтық дәріхана» шеңберінде 312 азамат қабылданды.

31 қазанда құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, адвокаттардың, нотариустардың, сот орындаушылары мен заңгерлердің қатысуымен «Халық заңгері» атты кең ауқымды акция өткізіліп, 811 азаматқа құқықтық кеңес берілді.

Қадағалау практикасы аясында құқықтық мәдениетті арттыру бойынша шаралар қабылданып, ақпараттық бейнероликтер әзірленуде. Олар алаяқтық пен жасөспірімдер қылмысының алдын алуға бағытталған. «Заң мен Тәртіп тұрғындардың көзімен» және «ЭКО-Заң» бастамалары іске қосылды.

Заңдылықтың қорғауда Қостанай облысы прокуратурасының қызметкерлері қоғам мен мемлекет мүддесі үшін адалдық, кәсібилік және ұстанымдылық танытып, өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда.

Қадағалау органының қол жеткізген жетістіктерінің негізінде – қызметкерлердің адал еңбегі, мықты кәсіби мектебі және прокуратураның күнделікті өміріне белсенді ат салысатын ардагерлердің үлесі жатыр.

Прокуратура органдарының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық, амандық және жаңа жетістіктер тілеймін.

Қостанай облысының прокуроры

3 сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі

 М.И.Сексембаев