Қостанай облысының прокуратурасында Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

Қостанай облысының прокуратурасында Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

2 желтоқсанда облыс прокуроры М.И. Сексембаевтың төрағалығымен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органдардың қабылдайтын шараларының тиімділігі мәселелері бойынша Қостанай облысының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Отырысқа құқық қорғау, арнайы және мемлекеттік органдардың, облыс әкімдігінің басшылары, қалалар мен аудандардың әкімдері, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының өкілдері қатысты.

Өңірде жол-көлік оқиғаларының саны 12,6%-ға (1106 факт), зардап шеккендердің саны 20,6%-ға (1520 адам), ал қаза тапқандардың саны 3,4%-ға (60 адам) артқаны тіркелді. Жол апаттарының 97,5%-ы (1079) жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан, ал 1,5%-ы (17) жаяу жүргіншілердің кінәсінен орын алған.

Медициналық қарсы көрсетілімдері бар жүргізушілердің ЖКО жасау фактілері де анықталды. Атап айтқанда, эпилепсия ұстамасы кезінде көлік басқарған жүргізушінің жаяу жүргіншіні қағып, жарақаттаған. Прокурорлық тексеріс барысында медициналық қарсы көрсетілімдері бола тұра автокөлік жүргізуге құқық беретін куәлігі бар 552 адам анықталды.

Үйлестіру кеңесінде облыс прокуратурасы, полиция департаменті және денсаулық сақтау басқармасы осындай жүргізушілерді ерте анықтау және олардың жүргізуші куәлігін уақытында тоқтату бойынша бірлескен шараларды әзірледі.

Жол инфрақұрылымын зерттеу нәтижесінде 360 басымды жол белгісін, білім беру ұйымдары маңында 98 ескерту белгісін, 99 жасанды жол кедергісін, 88 жаяу жүргіншілер өткелінде жол таңбаларын, сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелдерінде жасанды жарықтандыру орнату қажеттілігі анықталды.

Отырыс барысында өңірде «Қостанай-Денисовка» және «Қостанай-Троицк» ақылы жолдары бола тұра, еліміздің басқа өңірлерінде енгізілген орташа жылдамдықты бақылау жүйесінің қолданылмай отырғаны атап өтілді. Апаттылық деңгейінің жоғары екенін ескере отырып, мұндай жүйені енгізу немесе апатты учаскелерде жылдамдық режимінің бұзылуын тіркейтін стационарлық кешендер орнату ұсынылды.

Қостанай және Рудный қалаларының әкімдері жүргізіліп жатқан жұмыс туралы және апаттылықты төмендету жөніндегі ұсыныстар бойынша баяндама жасады.

Облыс прокуроры Марат Сексембаев қоғамда «Заң мен Тәртіп» идеологемасын іске асыру аясында жолдағы бұзушылықтарға нөлдік төзімділік қалыптастырудың, жүргізу мәдениетін арттырудың және барлық уәкілетті құқық қорғау мен мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Заңдылықтың жай-күйін талдау мен тексеру нәтижелері негізінде прокуратура уәкілетті органдармен бірлесіп өңірде ЖКО профилактикасын күшейтуге бағытталған ұйымдастырушылық және практикалық шаралар кешенін әзірледі. Сонымен қатар облыс әкімдігі мен тиісті органдарға жол инфрақұрылымын жақсарту және ЖКО жиі орын алатын 68 авариялық-қауіпті учаскеде цифрлық технологияларды енгізу жөнінде ұсыныстар жолданды.

                                                                             Қостанай облысының прокуратурасы