Қостанай қала прокуратурасы «АБЗ плюс» ЖШС жалға алған, кадастрлық құны» 1,2 млрд теңге болатын 57 гектарға жуық жер учаскесін мемлекеттік меншікке қайтаруға қол жеткізді.
Аталған жер учаскесі коммерциялық аймақ объектілеріне қызмет көрсету үшін берілген болатын. Алайда жүргізілген талдау барысында жерді беру кезінде бірқатар өрескел заң бұзушылықтары анықталды.
Прокуратура жер учаскесінің міндетті аукцион өткізбестен берілгенін, сондай-ақ санитарлық-қорғау нормаларының бұзылғанын анықтады.
Бұдан бөлек, жердің нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағаны белгілі болды.
Анықталған заң бұзушылықтар Қазақстан Республикасының Жер кодексінің талаптарына қайшы келеді және жер ресурстарына тең қолжетімділік қағидаттарын бұзады.
Тексеру нәтижесінде қала прокуроры жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы талап арызбен сотқа жүгінді.
Сот прокуратураның ұстанымын толық қолдап, шешім заңды күшіне енді.
Жердің мемлекетке қайтарылуы – бұл заңдылықты қалпына келтіру ғана емес, сонымен қатар жер ресурстарын неғұрлым ашық, әрі әділ басқаруға бағытталған маңызды қадам. Енді бұл жер учаскесі заңға сәйкес және қоғам игілігі үшін пайдаланылатын болады.
Прокуратура органдары жер қатынастары саласындағы заңдылықтың сақталуына бақылау жүргізу өз қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтеді.
Басты мақсат – жердің заңсыз берілуіне жол бермеу, әділдікті қамтамасыз ету мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану.
Қостанай облысының прокуратурасы