
Бейімбет Майлин ауданының прокуратурасы мемлекеттік органдар қызметінің мониторингі барысында ірі инвестор «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның бұрын төленген ауыл шаруашылығы шығындарын қайтару кезінде құқықтарының бұзылғанын анықтады.
2021 жылы аудан әкімдігі кәсіпорынға жер қойнауын пайдалану үшін 1024 га жер учаскесін бөліп, ауыл шаруашылығы шығындары ретінде 145,5 млн теңгені төлеу міндеттелген болатын.
Кейінірек жергілікті атқарушы органдардың актілері сот арқылы заңсыз деп танылып, жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Соған қарамастан, төленген қаражат кәсіпкерлік субъектісіне уақытылы қайтарылмаған. Керісінше, 2025 жылы жер қойнауын пайдалану үшін жер қайта берілген кезде кәсіпорын сол мөлшердегі қаражатты тағы да төлеуге мәжбүр болды.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша 145,5 млн теңге көлеміндегі қаражат инвесторға толық көлемде қайтарылып, жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылды.
Қостанай облысының прокуратура органдары кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау бойынша жұмыстарын жалғастырады.
Қостанай облысының прокуратурасы