Қостанай облысының прокуратурасында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыру мәселелеріне арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Облыс прокуроры Берік Әбілов балалардың, әсіресе жетім балалар мен ерекше қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын қорғау мемлекеттің ең басты міндеті екенін және прокуратура мен барлық уәкілетті органдардың ерекше назарын талап ететінін атап өтті.
Қадағалау қызметінің қорытындысы бойынша 2025 жылы облыс прокуратурасы 96 баланың құқығын қорғады. 11 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылып, 2 қылмыстық іс қозғалды.
Отырыста әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы балалардың өмір сүру жағдайын бақылауға бағытталған «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында мобильді топтардың жұмысының нәтижелеріне ерекше назар аударылды. 2025 жылдың сегіз айында мобильді топтар 1711 отбасын зерттеп, 460 отбасына көмек көрсетті. Бұл ретте 145 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 адамға ата-ана құқықтарына шектеу қойылып, 17 ата-ана бұл құқықтардан айырылды.
Отырыс қорытындысы бойынша әрбір мамандандырылған мекеме бойынша басым шаралар айқындалып, прокурорларға нақты міндеттер жүктелді.
Жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесе отырып, 2025–2027 жылдарға арналған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды постинтернаттық қолдауға бағытталған Ведомствоаралық іс-шаралар жоспары әзірленді.
Облыс прокуратурасы осал жағдайдағы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін жан-жақты қорғауды қамтамасыз ете отырып, осы шараларды жүзеге асыруда үйлестіру және қадағалау рөлін жалғастырады.
Қостанай облысының прокуратурасы