Қостанай облысы Ұзынкөл ауданының прокуратурасы «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында пробация қызметімен бірлесіп, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың тұрғылықты және жұмыс орындарына рейд жүргізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар тұлғалар тарапынан жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Рейд барысында сотталғандарға жаза өтеу тәртібі мен шарттарын бұзудың құқықтық салдары түсіндірілді.
Тексеру нәтижесінде, бас бостандығынан айырылмай жаза өтеп жүрген екі сотталғанға ресми ескерту берілді.
Алдын алу жұмысын күшейту мақсатында пробациялық бақылау шарттарын бұзған тұлғаға қатысты көрсетілімдік сот процесі ұйымдастырылды.
Сотта прокурор іс материалдарын зерделей отырып, шартты соттауды жою жөнінде қорытынды дайындады. Нәтижесінде, шартты жаза алынып тасталып, сотталғанға үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Осылайша, есепте тұрған барлық тұлғаларға жаза шарттарын сақтамаудың қандай салдарға әкелетіні нақты көрсетілді.
Ұзынкөл ауданының прокуратурасы пробациялық бақылау шарттары бұзылған жағдайда, жаза түрін нақты бас бостандығынан айыруға ауыстыру шаралары дереу қабылданатынын ескертеді.
Қостанай облысының прокуратурасы