Облыс прокуратурасының алқа отырысында жер қатынастары саласындағы проблемалық мәселелер талқыланды

Облыс прокуратурасының алқа отырысында жер қатынастары саласындағы проблемалық мәселелер талқыланды

8 қыркүйекте облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеровтің төрағалығымен жер қатынастары саласында заңдылық сақталуы мәселесі бойынша алқа отырысы өтті.

Алқа жұмысына өңір басшысы Жеңіс Қасымбек, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының жетекшілері, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің өкілі қатысты.

 Отырысты аша отырып, облыс прокуроры жер-құқықтық қатынастары саласында жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтті: учаскелерді нысаналы мақсаты бойынша пайдалану, оларды азаматтар мен шаруашылық жүргізуші субъектілердің меншігіне беру кезінде егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарының сақталуы, жалдау төлемдерін аудару міндеттілігі, пайдаланылмайтын жерлерді қайтарып алып, өңір экономикасына тарту және т. б.

Мемлекет бөлген жер телімдерінде коммерциялық нысандар салу мәселесіне ерекше назар аударылды. «Нысандардың құрылысы жер телімі берілген сәттен бастап бақылауда болуы тиіс және нысанды пайдалануға бергенге дейін уәкілетті органның қадағалауында болуы қажет, - деп атап өтті Бауыржан Мырзакеров, себебі әрбір заң бұзушылықтың артында азаматтарымыздың қауіпсіздігі, өмірі мен денсаулығы тұр».

Отырыста прокурорлар тексерістер барысында анықтаған бұзушылықтар да талқыланды. Бұл - өз мақсатына сай пайдаланылмайтын учаскелерге қатысты уақтылы шаралар қабылдамау, жерді пайдаланғаны үшін жалдау төлемдерін төлемеу, рұқсат құжаттары толық болмауына қарамастан құрылыс жүргізу және т. б.

Уәкілетті органдардың өз функцияларын орындауына мемлекеттік бақылауды күшейту, жер учаскелерін беру және қала құрылысын жүзеге асыру кезінде бірыңғай тәсілдерді әзірлеу бірлескен міндет болып айқындалды.

Алқа мүшелері жер, сәулет, қала құрылысы және құрылыс заңнамалары саласындағы іс-шаралар мен өзара іс-қимылдың кешенді жоспарын әзірлеуді ұсынды.

Қарағанды облысының прокуратурасы