Қарағандыда сотқа дейінгі іс жүргізудің рұқсат етілмеген әдістері мәселесі бойынша алқа отырысы өтті

Қарағандыда сотқа дейінгі іс жүргізудің рұқсат етілмеген әдістері мәселесі бойынша  алқа отырысы өтті

Облыс прокуроры Құсайын Игембаевтың төрағалығымен құқық қорғау, арнайы органдардың басшылары мен барлық жеке құрамының (тергеушілер, жедел қызметкерлер) қатысуымен алқа отырысы өтіп,  азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, тергеу жүргізудің рұқсат етілмеген әдістерінің жолын кесу мәселелері талқыланды.

Конституцияға сәйкес, мемлекеттің ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Ата Заң азаптауға, зорлық-зомбылыққа, қатыгез немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынасқа тыйым салады.

Қылмыстың ашылуы адам өмірінен, құқықтары мен бостандықтарынан жоғары болмауы керек және заңсыз әдістерді ештеңемен ақтауға болмайды. Бұған Мемлекет басшысы мен Бас Прокурор ерекше назар аударды.

Облыс прокуроры прокуратура органдарының алдына,  алдын алу тетігін әзірлей отырып, тергеу жүргізудің заңсыз әдістерін жою міндеті қойылғанын атап өтті. Бүгінгі күні жұмысты қайта форматтау жағдайында «ортағасырлық әдістерді» қолдануға жол беруге болмайды.

Биыл прокурорлар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзудың 4 есе көп фактілерін анықтап, жолын кесті, қызметтік кабинеттерден 16 (4) адам босатылды.

Өткен жылы полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне - 52, ҚАЖД қызметкерлерінің әрекеттеріне - 27 шағым түскен. Ең көп АК-159/6 Мекемесінде – 10, Теміртау қ. Ескіқалалық ПБ – 8, Қарағанды қ. Теміржол ПБ - 5, Шахтинск қ. ПБ және Теміртау ПБ - 4 тіркелді.

Уәкілетті органдардың басшыларына азаматтарды заңсыз ұстау, сондай - ақ оларды органның қызметтік ғимаратында қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көзделген мерзімдерден артық ұстау фактілерін жоюға нұсқау берілді. Әрбір осындай факт кінәлі қызметкерлерге қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейін қатаң  шараларын қабылдауға негіз болып табылады.

Қылмыстық-атқару жүйесіне бейнебақылау камераларын «көрінбейтін» аймақтарды болдырмайтындай етіп орнату бойынша жұмысты жандандыру тапсырылды. Сотталған адамды қауіпсіздік шараларын қолдана отырып, оған қатысты рұқсат етілмеген әдістер туралы өтініш берген адамнан оқшаулауды қамтамасыз ету, сонымен қатар сотталғандардың прокурорлардың пошта жәшіктеріне және өтініштерді электрондық түрде беру үшін терминалға кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету қажеттілігі аталды.

Отырыста кезекші прокурорлардың жұмысына назар аударылды. Құқық қорғау органдарының басшыларына органға жеткізілген және ұсталған адамдарға кезекші прокурорға жүгіну мүмкіндігін міндетті түрде түсіндіру туралы көрсетілді.

Істерді сапалы тергеу үшін арнайы прокурорлардың басшылығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің және Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының неғұрлым тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын мамандандырылған топ құру ұсынылды.

Алқа қорытындысы бойынша қатысушыларға жағдайды түзету бойынша нұсқаулар берілді.

Қарағанды облысының прокуратурасы