Тергеудің жол берілмейтін әдістері мәселесі талқыланды

Тергеудің жол берілмейтін әдістері мәселесі талқыланды

2022 жылғы 16 наурызда облыс прокуроры Құсайын Игембаевтың төрағалығымен адвокаттардың, құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізіліп, тергеудің жол берілмейтін әдістерін жоюға бағытталған бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу сұрағы талқыланып, проблемалық мәселелердің тізімі әзірленді.

«Мемлекет басшысы Конституция нормаларының сақталуына, ешкімнің азаптауларға, зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның ар-ожданына нұқсан келтіретін жазалауға ұшырамауы тиіс екендігіне ерекше назар аударады», - деп атап өтті прокурор.

Кеңесте өткен жылы құрылған ведомствоаралық жұмыс тобының жұмыс нәтижелері баяндалды.

Құқық қорғау және арнайы органдардың ғимараттарында адамдарды азаптау және заңсыз ұстау туралы істер бойынша тергеу сапасына қатысты мәселелер талқыланды.

Топ қызметінің нәтижесі - азаматтардың азаптау туралы өтініштерінің саны 70% - ға азайғаны, сондай-ақ құқық қорғау және арнайы органдардың ғимараттарында 1 мыңнан астам бейнекамералар орнатылғаны болып табылады.

«Корпоративтік ынтымақтастықты» болдырмау мақсатында осы істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді мүдделі емес, яғни іс бойынша айыпталушы өзінің қызметкері болып табылмайтын органдар жүргізеді.

«Сонымен қатар, біз адвокаттардың, құқық қорғаушылардың өз қызметтерін жүзеге асыру барысында кездестіретін мәселелерді шешу бойынша ұсыныстарына ашықпыз», - деп түйіндеді облыс прокуроры.

Іс-шараға қатысушылар бірлескен іс-қимыл жоспарына бірқатар ұсыныстар енгізді.

Қарағанды облысының прокуратурасы