Қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізудің келесі кезеңі

Қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізудің келесі кезеңі

Ағымдағы жылдың 2 желтоқсанында Қарағанды облысының прокуратурасында қылмыстық іс жүргізу заңнамасына алдағы өзгерістер бойынша семинар-кеңес өткізілді.

Енгізілетін өзгерістер құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырату бойынша қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізудің кезекті кезеңі болып табылады.

Жаңалықтар тергеудің жеңілдетілген нысандарына, тергеу мерзімдерін үзу негіздеріне, адамды күдікті деп тануға, прокурордың қылмыстық істер бойынша айыптау актілерін жасауына және т. б. қатысты.

Семинарды аша отырып облыс прокуроры Қ.АИгембаев прокурордың қылмыстық істер бойынша айыптау актісін тікелей өзінің жасауының маңыздылығы мен мәнін атап өтті. Енді тергеуші барлық тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін қылмыстық істі тергеудің аяқталғаны туралы есеппен бірге прокурорға жібереді. Прокурор жиналған дәлелдемелерді бағалап, айыптау актісін жасау және істі сотқа жіберу не істі қосымша тергеуге қайтару туралы мәселені шешеді.

Семинар-кеңестің екінші бөлігі қала, аудан прокуратуралары қызметкерлерінің қылмыстық істер макеттері бойынша айыптау актілерін жасауы бойынша практикалық сабақтарды қамтыды. Сабақтың мақсаты-прокурорлардың жаңа форматтағы жұмыс дағдыларын қалыптастыру.

Үш буынды модельді енгізудің бірінші кезеңі осы жылы - прокурорлар негізгі процестік шешімдерді келісуді/бекітуді бастағаннан бері табысты іске асырылып келе жатқанын атап өту қажет.

Ағымдағы жылы облыс бойынша прокурорлар 26 мыңнан астам процестік шешімдердің заңдылығын зерделеді, олардың 2773-і бойынша келісуден/бекітуден бас тартылды.

16 адамға қатысты қылмыстық істер прокурор оларды күдікті деп тану және әрекеттерді саралау туралы шешімдерді келісуден бас тартқаннан кейін толығымен тоқтатылды. Осылайша, азаматтардың конституциялық құқықтарын қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тартудан қорғау қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, аталған кезеңде, прокурор оларды тоқтату туралы шешімді бекітуден бас тартқаннан кейін, 61 қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қылмыстық іс жүргізу заңнамасына кейінгі өзгерістерді прокурорлар қылмыстық процестің заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында кеңінен пайдаланатын болады.

 

Қарағанды облысының прокуратурасы