Алаяқтармен күрестің және отбасылық зорлық -зомбылықтың алдын алудың негізгі бағыттары белгіленді

Алаяқтармен күрестің және отбасылық зорлық -зомбылықтың алдын алудың негізгі бағыттары белгіленді

Облыс прокуроры Құсайын Игембаевтың төрағалығымен өткен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында өңірдің бірқатар мәселелері талқыланды.

Жұмысқа кеңес мүшелері, қалалар мен аудандардың прокурорлары, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.

Коронавирустық пандемия қарсы шаралар мен шектеулер аясында тұрғындар ғаламторды күнделікті өмірде белсенді түрде қолдана бастағаны белгілі. Алаяқтар Интернет байланысын, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйелері мен интернет-маркетинг арқылы, азаматтарды алдаудың түрлі әдістерін жүзеге асыруда.

Әлеуметтік желілерде интернет арқылы оңай табыс табу, лотереялар, жеңілдікпен сатып алу және т.б. ұсыныстар, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй, несие, гранттар алуға көмектесу, жұмысқа орналастыру бойынша делдалдық қызметтер туралы алуан түрлі қызықтыру хабарламалардың арасында мемлекеттік органдардың профилактикалық жұмысы көрінбей қалуда.

Ағымдағы жылдың 8 айында ғана облыста 2 мыңнан астам алаяқтық фактілері тіркеліп, келтірілген залал - 1,8 млрд теңгені құрады. Бұл қылмыстық құқық бұзушылықтармен келтірілген жалпы залалдың төрттен бір бөлігі (23,5%).

Былтырғыға қарағанда 92%-ға көп анықталған (1-ден 12 –ге) қаржы пирамидаларына қатысты жағдай да ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл адамдардың жаппай шағымынан кейін емес, оларды құрудың бастапқы кезеңінде анықтау қажеттілігін көрсетеді.

Зардап шеккендердің саны, әдетте, бірнеше жүз адамнан асады. Мысалы, облыстың Экономикалық тергеу басқармасы көп деңгейлі маркетинг түріндегі қаржылық пирамида құрған М-ға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Қазіргі уақытта 333 жәбірленуші анықтаған, оларға 2 млрд. теңге шығын келтірілген.

Ведомствоаралық өзара іс-қимыл және ақпаратпен жедел алмасу мақсатында жоғарыда көрсетілген құқық бұзушылықтарға қарсы іс- шаралардын кешенді жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Осы санаттағы қылмыстық істерді сапалы ашу мен тергеу үшін құрамына міндетті түрде ІТ саласындағы қызметкерлер енгізілген мамандандырылған жедел-тергеу топтары құрылады.

Сонымен қатар, профилактикалық жұмысқа қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен тарту шараларын жалғастыру қажеттілігіне назар аударылды.

Бұдан басқа, отырыста тұрмыстық зорлық -зомбылықтың алдын алу саласындағы уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды.

Ағымдағы жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері азайуына қарамастан, 1000-ға жуық әйелдер мен балалар жапа шегіп, 18 адам қайтыс болды, 40 адам түрлі жарақаттар алды. Негізгі себептер - маскүнемдік, жұмыссыздық, әлеуметтік және тұрмыстық қатынастардағы дағдарыс.

Сондықтан, шаралардың бірі ретінде жергілікті атқарушы органдардың осал отбастарына тиісті әлеуметтік қолдау көрсетуі болуы тиіс.

Ел Президентінің учаскелік инспекторға ерекше роль берілетін «қолжетімді полиция» қағидаты бойынша берген тапсырмаларын белсенді түрде орындау қажеттілігіне назар аударылды.

Отырыста облыстық Полиция департаменті басшылығының қабылданған шаралары мен алдын алу жұмысы проблемалары туралы есептері тыңдалды.

Іс-шара нәтижесінде дағдарыс орталықтарының жұмысын жандандыру, уәкілетті құрылымдардың келісілген өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жолын кесу бойынша тиімді құқықтық және практикалық шараларды жүзеге асыру ұсынылды.

Қарағанды облысы прокуратурасының баспасөз қызметі