Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл

Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл

Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл мәселесі прокуратура органдарының қызметіндегі басым бағыттардың бірі болып табылады.

Облыс прокуратурасы жұмыс тобының кезекті отырысында өңірдегі есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және тергеу сапасы мәселелерін талқылады.

Топ құрамына Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция, Экономикалық тергеу департаменттерінің қызметкерлері кіреді.

Топ Құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды, жедел ақпарат алмасуды және проблемалық мәселелерді шешуді қамтамасыз ету үшін құрылған.

Отырыста құқық қорғау органдары басшыларының есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес, сондай-ақ нашақорлықтың алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстар туралы есептері тыңдалды.

Бірлескен жұмыстың оң нәтижелерінің бірі ретінде Қарағанды облысының аумағында аса ірі көлемде есірткі сатумен айналысқан трансұлттық қылмыстық топтың әшкереленуі атап өтілді. Еліміздің оңтүстік өңірлерінен ірі партияларды жеткізудің бірқатар арналарының жолы кесілді. 13 килограмнан астам синтетикалық есірткі құралдары тәркіленді.

Есірткі құралдарын интернет-ресурстар арқылы, байланыссыз жолмен сату қылмыстарымен күрес, жедел бөлімшелерді техникалық жарақтандыру және жас қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыру мәселелері талқыланды.

Облыс прокуратурасы есірткіні заңсыз тұтыну, дайындау, сақтау, сатып алу, тасымалдау, сату және жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік және өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылатынын ескертеді.

Қарағанды облысының прокуратурасы