Ішкі көші-қон процестері қатаң бақылауға алынады

Ішкі көші-қон процестері қатаң бақылауға алынады

Облыс прокуратурасында уәкілетті органдар тарапынан көші-қон заңнамасы нормаларының сақталуы мәселесіне қатысты Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Ж.М.Қасымбек, Қарағанды облыстық сотының төрағасы Н.Қ.Шәріпов, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың, сонымен қатар басқа да мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. 

Ауғанстандағы оқиғаларға байланысты біз елімізде алаңдаушылықтың артқанын көріп отырмыз. Бұл елде болып жатқан оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмесе де, заңсыз көші-қон түріндегі белгілі бір қатерлер тудыратыны сөзсіз.

Сонымен қатар Президенттің 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап көші-қон саласындағы функциялардың үштен бір бөлігінен астамын Ішкі істер министрлігінен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беру туралы Жарлығы шықты.

Осы екі маңызды оқиға Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесі аясында бірлескен шаралар қабылдауға түрткі болды.

Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне көші-қон заңнамасы мәселелеріне қатысты өзара іс-қимыл барысында туындайтын проблемаларды шешуге бағытталған кешенді Жоспар дайындап, оның нақты орындалуына қол жеткізу ұсынылды.