Прокурорлар брифингте сот ісін жүргізудің жаңа түрін түсіндірді

Прокурорлар брифингте сот ісін жүргізудің  жаңа түрін түсіндірді

Ағымдағы жылдың 30 сәуірінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қарағанды облысы прокуратурасы Қазақстан Республикасының жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін (бұдан әрі - Кодекс) түсіндіруге арналған брифинг өткізді.

Іс-шараға облыс прокурорының бірінші орынбасары Виталий Шабер, облыстық соттың судьясы Рыскүл Исабекова және облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Қоблан              Рахымбергенов қатысты.

Спикерлер жаңа Кодекстің қабылдануы бірінші кезекте азаматтардың мүдделерін қорғауға, сонымен қатар өтініштерді беру тәртібі мен оларды қарау рәсімдерін оңтайландыруға бағытталғанын атап өтті.

Заң шығарушы талап-арыздардың тек 4 түрін айқындап (даулау туралы, мәжбүрлеу туралы, іс-әрекеттер жасау туралы, тану туралы), сотқа жүгіну мерзімдерін белгіледі.  

Іс жүргізудің 2 түрі айқындалып (әкімшілік рәсімдер және әкімшілік сот ісін жүргізу), талап-арызды қабылдаудан бас тарту, талап-арызды қараусыз қалдыру, істі тоқтату түріндегі артық ұғымдар алынып тасталды.

Алғаш рет мемлекеттік органдарға қатысты «кінәлілік презумпциясы» ұғымы енгізілді, яғни мемлекеттік органдар сотта өздерінің шешімдерінің заңдылығы мен негізділігін дәлелдеулері қажет.

Сонымен қатар, соттың белсенді позициясы принципі (өз бастамасымен дәлелдемелер жинау) және «қисынды мерзім» (әкімшілік істерді жедел түрде қарау) ұғымы бекітілді.

Жаңа Кодекс бойынша прокурорлар процеске тек салықтық, кедендік, бюджеттік және қоршаған ортаны қорғау саласындағы қатынастар туралы істерге ғана қатысады.   

Іс-шараның соңында спикерлер жаңа Кодекс ағымдағы жылдың шілде айынан бастап қолданысқа енгізілетінін еске салды.

Қарағанды облысының прокуратурасы