Қарағанды облысында жәбірленушілерге өтемақы төлемдері басталды

Қарағанды облысында жәбірленушілерге өтемақы төлемдері басталды

2020 жылғы 1 шілдеден бастап біржолғы өтемақы төлеу үшін облыстың қылмыстық қудалау органдарына 21 жәбірленуші  жүгінді, олардың 8-іне бүгінгі күні жалпы 1 млн. теңгеден астам сомаға өтемақы төленді.

Осыған байланысты, Қарағанды облысының прокуратурасы «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Заңға сәйкес, жоғарыда көрсетілген күннен бастап, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жекелеген құрамдары бойынша жәбірленушілердің келесі санаты біржолғы өтемақы алуға құқылы екенін түсіндіреді:

- жыныстық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша кәмелетке толмағандар, сондай-ақ адам саудасы мен азаптауға байланысты қылмыстар бойынша жәбірленуші деп танылған адамдар 30 АЕК мөлшерінде;

- денсаулығына ауыр зиян келтірілген не адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ/ЖИТС) жұқтырған адамдар 40 АЕК мөлшерінде;

- жәбірленуші қайтыс болған жағдайда, жәбірленушінің құқықтары берілген адамдар 50 АЕК мөлшерінде.

Ол үшін қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органға аталған Заңның 8-бабында айқындалған құжаттарды қоса отырып, біржолғы өтемақы төлеу туралы жазбаша өтінішпен жүгіну қажет.

Қордан өтемақы алу құқығына 2020 жылғы 1 шілдеден кейін жәбірленуші деп танылған адам ие болады.

Өтініш берудің ескіру мерзімі адамды жәбірленуші деп таныған күннен бастап үш жылды құрайды. Өтініш беру мерзімін өткізіп алған жағдайда, жәбірленуші өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру үшін сотқа жүгінуге құқылы.

Өтемақы төлеуден негізсіз бас тарту мәселесі бойынша  жоғары тұрған лауазымды тұлғаға, прокуратура органдарына немесе сотқа шағымдануға болатынына назар аударамыз.

Қарағанды облысының прокуратурасы