
Интернет және телефон алаяқтықтарының өсуі жағдайында қазіргі заманғы телекоммуникациялық технологиялардың көмегімен азаматтарға жаппай алаяқтық қоңырау шалуға қолданылатын қылмыстық схемаларға қарсы іс-қимыл ерекше өзекті болып отыр.
Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 24 сотталушыны кінәлі деп тауып, әрқайсысына 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Қарағанды облысы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушылары дәлелдемелерді жан-жақты және объективті зерттеуді қамтамасыз етті.
Сот ұйымдасқан топқа қатысушылардың келісілген түрде әрекет еткенін, әрқайсысына белгілі бір рөл берілгенін және олардың әрекеттерін ұйымдастырушылар үйлестіргенін анықтады. Қатысушылардың көпшілігі Қазақстанға Ресей Федерациясынан келген. Ұйымдастырушылардың нұсқауы бойынша кейбіреулері Ресейге жабдық алу үшін барған.
Орындаушылар негізінен Telegram арқылы табылған. Оларға белгілі бір қалаға келу, тұрғын үйді жалға алу, SIM-box алу немесе жеткізу, жабдықты Интернетке қосу, қазақстандық операторлардың SIM-карталарын орнату және оның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету тапсырылған. Бұл жұмыс үшін қатысушыларға күніне 50-ден 100 долларға дейін ақшалай сыйақы төленген.
Негізгі дәлелдер сотталғандардың телефондарынан табылған Telegram-дағы хат-хабарлар болды. Оларда жабдықты орнату және техникалық қызмет көрсету, SIM карталарын ауыстыру, тапсырмаларды орындау және үйлестірушілерге есеп беру бойынша нұсқаулар болған.
SIM-box-қа қосылған телефон нөмірлері арқылы азаматтарға алаяқтық қоңыраулар жасалғаны анықталды. Қаскүнемдер өздерін мемлекеттік органдардың, банктердің, "Қазпошта" АҚ және басқа да ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтардан растау кодтарын алып, оларды несиелер ресімдеуге және ақшалай қаражат аударуға көндірген.
Сотталушылар кінәларын мойындамағандарына қарамастан, прокуратура ұсынған дәлелдемелер олардың ұйымдасқан қылмыстық әрекетке қатыстылығын растады.
Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қарағанды облысының прокуратурасы қазіргі заманғы телекоммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа және алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты жалғастыруда.
Қылмыстық схемалардың жолын кесуге және азаматтардың мүліктік құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылады.
Қарағанды облысының прокуратурасы