Қарағанды облысында прокурорлар «Евразия Инвест LTD» компаниясының 54 млрд теңгелік инвестициялық жобаларын сүйемелдеуде

Қарағанды облысында прокурорлар «Евразия Инвест LTD» компаниясының 54 млрд теңгелік инвестициялық жобаларын сүйемелдеуде

Қарағанды ​​облысында прокуратура әкімдікпен бірлесіп, елдің ең ірі агроөнеркәсіптік кластерлерінің бірі – «Евразия Инвест LTD» ЖШС инвестициялық жобаларын жүзеге асыруға жәрдем көрсетуде. Компанияның инвестицияларының жалпы көлемі 54 млрд теңгеден асады, 11 жоба аясында 345 жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Қарағанды ​​облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев облыс әкімі Ерманғанбет Бөлекпаевпен бірге компания басшылығымен кездесу өткізіп, онда қолданыстағы жобаларды іске асыру және туындаған әкімшілік кедергілерді жою мәселелерін талқылады.

 Компания жобаларды толығымен өз қаражаты есебінен жүзеге асыруда. Оның иелігінде шамамен 56 мың га жер, оның ішінде 10 мың га суармалы жер бар.

 Бүгінгі таңда 15,9 млрд теңгеге 5 жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында – заманауи элеватор, көкөніс қоймасы, 1 200 бас малға арналған сүт-тауарлар фермасының құрылысы және 1 100 га аумақта ауыл шаруашылығы дақылдарын суару жүйесін енгізу бар.

 Негізгі нысандардың бірі Осакаров ауданы Родниковское ауылындағы элеватор болып табылады. Оның қуаты бір мезгілде 35 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік береді.

 Кәсіпорын жұмыстың барлық кезеңдерін – астықты қабылдау мен тазартудан бастап сақтау мен жөнелтуге дейін автоматтандырған. Шикізат сапасы жеке зертхана арқылы бақыланады.

Тағы 6 жоба іске асырылу сатысында тұр, оның төртеуі ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

 Кездесу барысында инвестор нысандарды инженерлік инфрақұрылымға қосуға және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға қатысты мәселелерді атап өтті.

 Oблыс прокуроры инвесторлардың жобаларды іске асыру кезінде туындайтын проблемалық мәселелерін жедел шешуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік беретін және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған прокурорлық сүйемелдеудің қолданыстағы құқықтық тетіктерін түсіндірді.

 Қарағанды ​​облысының прокуратурасы компанияның инвестициялық жобаларын сүйемелдеуді жалғастыруда және инвестор көтерген мәселелердің шешілуін тұрақты бақылауда ұстауда.

 

Қарағанды облысының прокуратурасы