Қарағанды облысының прокуратурасы инвесторларға қаржы бұзушылығын жоюға көмектесіп, оларды алаяқтық салдарынан қорғады

Қарағанды облысының прокуратурасы инвесторларға қаржы бұзушылығын жоюға көмектесіп, оларды алаяқтық салдарынан қорғады

Қарағанды облысының прокуроры республикалық INVEST CARAVAN акциясы аясында инвесторлармен кездесті. Оның қорытындысы бойынша «Saran» республикалық маңызы бар индустриялық аймағында жобаларын іске асырып жатқан компаниялардың үш мәселесі шешілді.

Жұмыс сапары және инвесторлармен кездесу барысында прокуратура бизнес өкілдерінің өтініштерін қарап, уәкілетті мемлекеттік органдар мен табиғи монополиялар субъектілерінің әрекеттерінің заңдылығын тексерді.

Мәселелердің бірі «Tengri Tyres» ЖШС және «Silk Road Electronics» ЖШС инвесторларына негізсіз қаржылық есептеулер жүргізілуіне қатысты болды.

Тексеру табиғи монополия субъектісі электр энергиясын тұтыну лимиттерінен асып кеткені үшін қосымша есептелген сомаларды негізсіз арттырғаны анықтады. Бұл инвесторларға қаржылық санкциялар қолданылуына алып келген.

Прокуратураның араласуынан кейін қайта есептеу жүргізілді. Нәтижесінде қосымша есептелген сомалар мен айыппұл санкциялары едәуір төмендетілді. Бұл инвесторларға негізсіз қаржылық шығындарға жол бермеуге мүмкіндік берді.

Тағы бір проблемалық мәселе «Karaganda Insulation» ЖШС-ға қатысты болды. Компания жабдықтарды жеткізу жөніндегі сыртқы экономикалық шартты орындау барысында алаяқтыққа тап болған.

Анықталғандай, алаяқтық схема электрондық хат-хабарларды қолдан жасаумен және өнім берушінің төлем деректемелерін ауыстырумен байланысты болған. Соның салдарынан инвестор қаражатын өзгертілген деректемелер бойынша аударған.

Бұл ретте валюталық реттеу саласындағы заңнама талаптарына сәйкес компанияға шетел валютасын репатриациялау міндеті жүктелген. Алайда инвесторға қатысты жасалған қылмыс салдарынан бұл міндетті орындау объективті түрде қиындаған.

Бұған дейін компанияның өтініштері полиция органымен бірнеше рет расталмаған деп танылып, есептен шығарылған. Қылмыстық істің тіркелмеуі инвесторға ұлттық және (немесе) шетел валютасын репатриациялау талабын орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 251-бабы бойынша жыл сайын әкімшілік жауаптылыққа тартылу қаупін туғызған. Ықтимал айыппұл мөлшері репатриацияланбаған валюта сомасының 20%-ын, яғни 20 мың еуродан астам соманы құраған.

Анықталған мән-жайларды ескере отырып, прокуратура органдары алаяқтық фактісін Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде (СДТБТ) тіркеді.

Осылайша, INVEST CARAVAN акциясы аясында Қарағанды облысының прокуратурасы үш инвестордың бұзылған құқықтарын қалпына келтіріп, негізсіз қаржылық ауыртпалықтарды жойды және алаяқтықтан зардап шеккен инвестордың мүдделерін қорғау бойынша шаралар қабылдады.

INVEST CARAVAN – прокуратура органдарының инвесторлармен тікелей өзара іс-қимылының құралдарының бірі. Ол инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдар мен басқа да проблемаларды жедел анықтауға және жоюға мүмкіндік береді.

Инвесторларды сүйемелдеу және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс жалғасуда және Қарағанды облысының прокуратурасының тұрақты бақылауында.

Қарағанды облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды +7 (701) 544-08-59 телефоны немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласуға шақырады.

 

Қарағанды облысының прокуратурасы