
2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік көздейтін 232-1-бап енгізілді.
Дропперлік – азаматтардың үшінші тұлғаларға өздерінің банктік шотына, төлем картасына немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қолжетімділік беру, сондай-ақ оларды ақшалай сыйақы немесе өзге де мүліктік пайда үшін қолдануға беру.
Қазіргі таңда дропперлік интернет-алаяқтық схемаларының негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Дропперлердің шоттары арқылы қылмыскерлер ұрланған ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, иемденіп алады.
Қарағанды қ. Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы 1-бөлігімен көзделген қылмыстық теріс қылық жасаған екі тұлғаға қатысты мемлекеттік айыптауды қолдады.
Сотталушылар - ақшалай сыйақы үшін өз банктік шоттарын үшінші тұлғаларға берген студенттер.
Сот отырысында сотталушылар өз кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін білдірді. Олардың кінәсі ұсынылған материалдардың жиынтығымен толық дәлелденді.
Істерді қарау қорытындысы бойынша сотталушылар кінәлі деп танылып, сот айыптау үкімін шығарып, айыппұл төлеу түріндегі жазаға тартылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Прокуратура ескертеді: банктік карталарды, шоттарды және жеке деректерді бөгде тұлғаларға «уақытша» немесе «қосымша табыс табу үшін» беру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
#законипорядок #закон_и_порядок
Қарағанды облысының прокуратурасы