Облыс прокуратурасында «Заң мен Тәртіп» идеологемасын жүзеге асыру аясында Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтіп, онда есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеудің заңдылығы, сонымен қатар заттай дәлелдемелерді алу және сақтау тәртібі талқыланды.
Отырысты ашқан облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеров қаралып жатқан мәселенің маңыздылығына тоқталып, мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіру қажеттілігін атап өтті.
Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде есірткі қылмыстарының тіркелуі 45 пайызға төмендеді. Бұл нәтиже құқық қорғау органдарының бес есірткі зертханасын жойып, 600 кг-ға жуық синтетикалық есірткі мен бір жарым тоннадан астам прекурсорларды тәркілеуінің арқасында мүмкін болды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде есірткі ортасы өндіріс орындарынан, дайын өнімдерінен және ресурстарынан айырылды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасына, есірткіні тәркілеу тәртібін сақтауға және заттай дәлелдемелерді дұрыс сақтауға ерекше назар аударылды.
Жергілікті атқарушы органдарға «Заң мен Тәртіп» идеологиясын ілгерілету мақсатында профилактикалық жұмыстарға азаматтық қоғам мен жастар ұйымдарының өкілдерін белсендірек тарту ұсынылды.
Кеңесте есірткі зертханаларын тауып, жоюда өзін оң көрсеткен полиция қызметкерлері атап өтілді.
Талқылау нәтижесінде есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимылды одан әрі күшейтуге және сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын арттыруға бағытталған шаралар кешені әзірленді.
Қарағанды облысының прокуратурасы