Атырау облысының прокуратурасы үлестік тұрғын үйлер құрылысына мониторинг жүргізді.
«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның талаптарына сәйкес, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу 3 тәсілмен (кепілдік беру қоры, банк немесе әкімдіктің рұқсаты арқылы) ұйымдастырылады. Өзге тәсілдермен жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартуға тыйым салынады.
Мониторинг барысында, Атырау қаласы аумағында 3 құрылыс компаниясы жарнамаларды бұқаралық ақпарат құралдарына заңсыз жариялау арқылы жеке және заңды тұлғалардың ақшасын рұқсатсыз тартқаны анықталды.
Олар:
1. «BASTAU CONSTRUCTION» ЖШС - Атырау қаласы, Ақшағала м/а, 2 көше, 9 үй мекен-жайында салынып жатырған 11 блоктан тұратын көппәтерлі тұрғын үйлер («Victory park» тұрғын үй кешені);
2. «Real Estate Капитал» ЖШС - Атырау қаласы, Құлманов көшесі 35 мекен-жайында салынып жатырған көппәтерлі тұрғын үйлер («Arman residence» тұрғын үй кешені);
3. «ORKALI» ЖШС - Атырау қаласы, Авангард 2 ы/а, 6В мекен-жайында салынып жатырған көппәтерлі тұрғын үйлер («TAN SAMALY» тұрғын-үй кешені).
Аталған мекемелерге қатысты прокуратурамен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 320-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалып, Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотымен 1,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Облыс тұрғындарына, күмәнді мекемелерден пәтерлерді сатып алмауды ескертеміз!
Себебі, ондай мекемелер алдағы уақытта Сіздердің тұрғын үйді иелену немесе пайдалану құқықтарыңызға кепілдік бере алмайды.
Үлескерлердің құқықтарын қорғау басты назарда.