
Соңғы уақытта Атырауда балалардың өліміне байланысты бірнеше қайғылы жағдайлар орын алды.
4 шілдеде Жеңіс саябағында қыз бала дұрыс бекітілмеген бюсттің құлауынан қайтыс болды. Бір аптадан кейін, 10 шілдеде балабақшада бала септикке құлап, төрт күннен кейін қаза болды, 14 шілдеде қалалық орталық бассейнде қыз бала суға батып кетті, ал 26 шілдеде субұрқақта (фонтан) тағы бір қыз бала сорғының (насос) салдарынан қайтыс болды.
27 шілдеде Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында жасөспірім мотоциклмен түйеге соқтығысып, алған жарақаттарынан қайтыс болды.
Келесі күні көпқабатты үйлердің бірінен 15 жасар оқушы терезеден секіріп, өз-өзіне қол жұмсады.
«Әрбір іс біздің ерекше бақылауымызда. Қазір уақытта қайғылы оқиғаларға себеп болған тұлғаларды анықтау және оларды жауапқа тарту мақсатында шаралар алынуда. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, бұндай фактілерді болдырмауға және болашақта қайталауға жол бермеуге барлық жағдайлар жасалады», - деп атап өтті облыс прокуроры Бауыржан Жұмақанов.
Қазіргі уақытта облыс бойынша «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы жүзеге асырылуда. Прокурорлар қиын тұрмыстық жағдайға тап болған 50-ден астам отбасына барып, кәмелетке толмағандар арасында қайыр сұрау фактілері анықталып, ата-аналары жауапкершілікке тартылуда.
Аталған бағытта жұмыс жалғасады.
Атырау облысының прокуратурасы