ПТР анықтамасын негізсіз талап еткен

ПТР анықтамасын негізсіз талап еткен

Нормативтік құқықтық актілердің заңдылығы прокуратура органдарының үнемі қадағалауында.

Ағымдағы жылдың қаңтар айының 25-інде  «Теңіз, Прорва, Морской және Теңізге іргелес басқа да кен орындарда коронавирустық инфекция ауруларының алдын алу жөніндегі карантиндік шараларды күшейту туралы» Жылыой аудандық санитариялық дәрігерінің №9 қаулысы шыққан.

Аталған қаулының талаптарына сай, кіру кезінде эпидемиологиялық  жағдай тұрақталғанға дейін COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың бар жоғына қарамастан басқа өңірлерден Атырау облысына вахтаға келетін адамдар тұрғылықты мекен-жайы бойынша  COVID-19-ға ПТР тестілеуге жатады және қорытынды берілген күннен бастап 5 тәулікке жарамды.

Алайда талаптың бұл бөлігі еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына қайшы келетіндігі анықталды, аталған қаулыға сай вахтаға келген жұмысшылардың вакцинация туралы құжаты болса, онда ПТР тестілеуден өтуі қажет емес.

Соған қарамастан, аудан аумағындағы барлық ұйымдардың медицина қызметкерлерімен Жылыой аудандық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысын басшылыққа алып, қауіпті індетке қарсы вакцинацияның паспортына қоса COVID-19-ды жұқтырмағандығын растайтын ПТР анықтамасы негізсіз талап етілген.

ПТР әдісімен тексерілуі үшін зертханалық шығынды жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен төлеп отырғандығы да анықталып, заңды тұлғалардың құқықтары бұзылған.

Осы орайда, Жылыой ауданы прокуратурасының наразылығы негізінде аудандық санитариялық дәрігердің ПТР әдісімен тестілеу қаулысы жойылып, 282 кәсіпорын мен ондағы жұмысшылардың құқықтары қорғалды.

 

 

Жылыой ауданының прокуратурасы