Қылмыстық процестің үш буынды моделі

Қылмыстық процестің үш буынды моделі

Мемлекет басшысының жолдауында көзделген мақсаттарға жету бағытында 2020 жылдың 19 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлық жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Жаңа заңға сәйкес қылмыстық процестің үш буынды моделі қалыптастырылып, құқық қорғау және сот органдарының қылмыстық қудалау және әділ сот төрелігі аясында өкілеттіктері нақты бөлінді.

Атап айтқанда, қылмыстық қудалау органдары қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғаларды анықтап, қылмыстарды ашып, тергеу аясында дәлелдемелердің толық жинақталуын қамтамасыз етсе, прокуратура органдары дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға беріп, іс аясында процеске қатысушылардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді, ал сот өз кезегінде, іс аясында барлық жинақталған іс-құжаттарды зерделеп, айыпталушының әрекетіне түпкілікті құқықтық баға бере отырып, үкім шығарады.

Қылмыстық процестің үш буынды моделінің бұрынғы жүйеден басты ерекшелігі прокурордың күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, қылмыстық істі қайта саралау сияқты негізгі процестік шешімдерге келісім беруі болып табылады. Аталған өзгеріс прокуратура органдарымен жәбірленушілердің ғана емес, қылмыстық қудалау орбитасына тартылған тұлғалардың да іс-әрекетіне объективті баға беріп, олардың құқықтары мен бостандықтарының заңға сәйкес сақталуына өзінің айқын үлесін қосатыны анық.

Ағымдағы жылдың 5 айында облыстық прокуратурамен 1 143 негізгі процессуалдық шешім (оның ішінде қылмыстық теріс қылық туралы хаттама және тоқтату), сондай-ақ 2 642 негізгі процессуалдық шешім (оның ішінде күдіктінің іс-әрекетін саралау, қайта саралау және үзу) бекітілді.

Қылмыстық процестің үш буынды моделі қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде белсенді қарқын алып, мемлекет басшысы атап өткен азаматтардың конституциялық құқықтары қатаң сақталатын әділетті әрі құқықтық мемлекетті құру жолындағы айқын қадам болып табылады.