
Облыс прокуратурасының үйлестіруімен киберқылмысқа қарсы іс-қимылға бағытталған мамандандырылған «Anti-Fraud Call Center» орталығы ашылды.
Орталық облыс прокуроры Мадияр Басшыбаевтың Полиция департаментіне цифрлық қылмыстарға жедел ден қою туралы берген тапсырмасын орындау аясында құрылды.
Орталықтың негізгі міндеттері интернеттегі алаяқтық деректеріне жедел әрекет ету, азаматтарға қаржылық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес беру, заңсыз транзакциялардың жолын кесу және жаңа киберқылмыстық схемаларға талдау жасау.
Облыс прокуроры орталықтың ашылуы профилактикалық жұмыстарды күшейтуге және қашықтықтан жасалатын жымқыруларға қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Осы орайда, тұрғындарға сақтық шараларын сақтау қажеттігін ескертеміз, қандай да бір күдікті жағдай туындаса, құқық қорғау органдарына немесе жаңа Call-орталыққа хабарласуды сұраймыз.
Атырау облысының прокуратурасы