Атырау облысының прокуратурасы "Теңізшевройл" ЖШС-не еңбек заңнамасын сақтау туралы ескертті

Атырау облысының прокуратурасы "Теңізшевройл" ЖШС-не еңбек заңнамасын сақтау туралы ескертті

Соңғы уақытта «Теңізшевройл» ЖШС-і басшылығы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Теңіз кен орнында қызметкерлердің келісімі бойынша вахталық мерзімнің 56 күнге ұзартылғаны туралы бірнеше рет хабарлады.

Мердігер компаниялар «Теңізшевройл» ЖШС-і саясатына сәйкес вахталық жұмыс уақытын 56 күнге дейін ұзартқаны анықталды.

Еңбек кодексінің 135-бабының нормаларына сәйкес вахтаның ұзақтығы күнтізбелік он бес күннен аспауға, ал қызметкердің жазбаша келісімімен күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін.

Сондай-ақ, заңнама үстеме жұмыс үшін жоғары мөлшерде ақы төлеуді қарастырады.

Осыған байланысты, облыс прокуратурасы «Теңізшевройл» ЖШС-і басшылығының атына Теңіз кен орны қызметкерлерінің еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдау туралы хат жолдады.

Бұл мәселе тұрақты бақылауда.