Атырау облысында Парламент Мәжілісі депутаттарының қатысуымен «Заң мен Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету бойынша кеңейтілген кеңес өтті

Атырау облысында Парламент Мәжілісі депутаттарының  қатысуымен «Заң мен Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету бойынша кеңейтілген кеңес өтті

2025 жылғы 9 шілдеде Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Абзал Құспан және Ерболат Саурықовтың қатысуымен «Заң мен Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету жөніндегі кеңейтілген кеңес өткізілді.

Кеңеске облыстық прокуратураның алқа мүшелері, қала және аудан прокурорлары, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар, Әділет департаменті, «Теңізшевройл» ЖШС, құқық бұзушылықтың профилактикасы жауапты уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

23 шілде 2025 жылы өткен кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құқық қорғау органдарына берген «Заң мен Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету тапсырмасын орындау мақсатында атқарылған кешенді шаралар туралы облыс прокуратурасы басқармаларының бастықтары баяндама жасады.

Қоғамға қауіпті құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін прокуратура үйлестіруімен Ведомствоаралық жоспар қабылданып, қылмыстың алдын алу бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Нәтижесінде өңірде қылмыс деңгейі 22%-ға (2 494-тен 1 939-ға дейін) төмендеді. Бұл көрсеткіш бойынша Атырау облысы республикада алдыңғы қатарда.

Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды өңірде 800-ден астам жазасын өтеушіге қолдану жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл заң 25 жазасын өтеушіге және 16 сотталушыға қолданылды.

Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан Қылмыстық кодекске енгізілетін сталкинг, дериваттарды заңсыз қолдану, некеге тұруды мәжбүрлеу және дропперлердің әрекеттері үшін жауапкершілігі жайында жаңа нормалар туралы  ақпаратпен бөлісті.

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов мал ұрлығы үшін жазаны күшейту және кибер қылмыс мәселелерінің өзектілігін атап өтті.

Президентіміздің:«Бәріміз бір ел, бір халық болып Қазақстанымыз үшін қызмет етіп, табанды жұмыс істеуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ ұлттық парыз, азаматтық борыш»деген ұстанымын басшылыққа ала отырып, кеңеске қатысушылар маңызды ой-пікірлер мен нақты ұсыныстар білдірді.

Облыс прокуратурасы «Заң мен Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты қадағалауда ұстап, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жалғастыруда.

Атырау облысының прокуратурасы