Астанада құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі Кеңес құрылды

Астанада құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі Кеңес құрылды

   

     Елордада құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі Кеңес құрылды. Ол «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайту, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және профилактикалық бастамаларды іске асыру мәселелері бойынша қоғамдық-консультативтік алаңға айналады.

     Кеңесті құру туралы шешім Астана қаласының Конгресс-орталығында қала прокурорының төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында қабылданды.

     Отырыс жұмысына мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, білім беру ұйымдарының, жұртшылық өкілдері және жастарды тәрбиелеу мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру саласындағы сарапшылар қатысты.

     Отырысты аша отырып, Астана қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов құқық бұзушылықтардың тиімді профилактикасы тек мемлекеттік органдардың күш-жігерімен ғана мүмкін еместігін және қоғамның белсенді қатысуын талап ететінін атап өтті.

     «Тиімді профилактика жазалаудан емес, тәрбиеден, жеке үлгіден және әр адамның жауапкершілігінен басталады. Біздің ортақ міндетіміз - қоғамда заңның кез келген бұзылуына төзбеушілікті қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды нығайту және жастардың жасампаз даму жолын таңдауына жағдай жасау», – деп атап өтті Ғабит Мұқанов.

     Үйлестіру кеңесі барысында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, жасөспірімдер қылмысының алдын алу, отбасы институтын нығайту, заңға бағынатын мінез-құлық мәдениетін дамыту және құқыққа қарсы әрекеттерді тұрақты түрде қабылдамауды қалыптастыру мәселелері талқыланды.

     Іс-шара аясында профилактикалық жұмысты ілгерілетуге белсенді қатысқаны, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, халықтың құқықтық ағартылуына және қоғамдық маңызы бар бастамаларды іске асыруға қосқан үлесі үшін бірқатар қоғам қайраткерлері мен азаматтық қоғам өкілдері Астана қаласы прокуратурасының алғыс хаттарымен марапатталды.

     Кеңес құрамына Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Айгүл Ержанова, мектеп директоры, PhD-докторант және білім беру саласындағы қоғам қайраткері Ақмоншақ Нұғман, «JanaMen» жобасының негізін қалаушы Айтым Жақыпов, сондай-ақ спорт шебері, жаттықтырушы және қоғам қайраткері Жеңіс Айрат кірді.

     Кеңес мүшелері жастардың құқықтық санасын дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.

     Астана қаласының прокуратурасы құқықтық тәртіпті нығайту және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын іске асыру мақсатында мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың күш-жігерін біріктіру жөніндегі жұмысты жалғастырады.

Астана қаласының прокуратурасы