Астана қаласының «Сарыарқа» ауданында аудан әкімдігі, «Astana Innovations» АҚ, «iKomek 109» қызметі және полиция органдарының қатысуымен «Smart Saryarka» жобасы іске асырылуда.
Жоба құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік беретін бейнеаналитика жүйесімен (VMS) жабдықталған интеллектуалды бейнебақылау камераларын пайдалануға негізделген. Аталған жүйе вандализм, төбелес, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу, қоқыс тастау фактілерін, сондай-ақ іздеуде жүрген тұлғаларды анықтауға мүмкіндік береді. Ақпарат жедел түрде «iKomek 109» орталығына және құқық қорғау органдарына шара қабылдау үшін жолданады.
Камералар азаматтар көп жиналатын орындарға, оның ішінде Есіл өзенінің жағалауына, «Көктал» саябағына, сауда-ойын-сауық орталықтарына және базарларға орнатылған. Жабдықтардың бір бөлігі Астана қаласы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының базаларымен біріктіріліп, тұлғаны тану функциясымен жабдықталған.
Ағымдағы жылдың 8 сәуірінен бастап ауданда құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Қызыл квадрат» профилактикалық рейдтік іс-шаралары өткізілуде. Бейнеаналитика жүйесінің жұмысы мен рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде полиция органдарымен 300-ден астам әкімшілік хаттама толтырылған.
Жобаны іске асыру қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындар арасында заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Астана қаласының прокуратурысы