«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйдің тапсырыс берушісі (құрылыс салушысы) көппәтерлі тұрғын үйді тіркеген кезден бастап алты ай ішінде көппәтерлі тұрғын үйдің сыртқы инженерлік желілері мен құрылысжайларын коммуналдық меншікке өтеусіз беруді қамтамасыз етуге міндетті.
Алайда елорда прокуратурасымен жүргізілген талдау нәтижесінде көппәтерлі тұрғын үйлердің едәуір бөлігінің құрылыс салушылары аталған Заң талаптарын сақтамағаны және ұзақ уақыт бойы сыртқы инженерлік желілерді қаланың коммуналдық меншігіне беруді жүзеге асырмағаны анықталды.
Көрсетілген міндеттің орындалмауы сумен, электрмен, жылумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тұрақсыз жұмыс істеуіне әкеп соқты.
Осының салдарынан азаматтардың коммуналдық қызметтер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жүгіну саны артты, сондай-ақ инженерлік желілердің тиісті теңгерім ұстаушысының болмауы олардың уақытылы техникалық қызмет көрсетілуіне және жөндеу жұмыстарын жүргізуге кедергі келтірді.
Қазіргі таңда Астана қаласының прокуратурасымен прокурорлық қадағалау актісі негізінде 46 көппәтерлі тұрғын үйдің сыртқы инженерлік желілері коммуналдық меншікке беріліп, тиісті қызметтердің теңгеріміне қойылды.
Бұл шаралар инженерлік желілерге тиісті техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге, апаттылық деңгейін төмендетуге, жоспардан тыс ажыратуларды барынша азайтуға, сондай-ақ елорда тұрғындарына коммуналдық қызметтердің тұрақты әрі сапалы көрсетілуіне мүмкіндік берді.
Жалпы алғанда, жүргізіліп жатқан жұмыс қауіпсіз және жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға ықпал етіп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.
Астана қаласының прокуратурасы