Астанада TikTok желісіндегі жалған «емші» сотталды

Астанада TikTok желісіндегі жалған «емші» сотталды

    Астана қаласының тұрғыны «TikTok» әлеуметтік желісінде өзін «емші» ретінде таныстырып, экстрасенсорлық қабілеттері арқылы емдеу қызметтерін ұсынған аккаунт ашқан.

    Әлеуметтік желілер арқылы жәбірленушілердің бірінің денсаулығына қатысты мәселелері бар екенін білген ол, өзін ерекше қабілеттерге ие тұлға ретінде көрсетіп, белгілі бір ақыға «емдеу» қызметін көрсете алатынына сендірген.

    Осылайша, кінәлі 3 жәбірленушіден жалпы сомасы 5,5 млн теңгеден асатын ақшалай қаражатты алаяқтық жолмен иемденіп, оны букмекерлік кеңселерде ставка жасауға жұмсаған.

    Мемлекеттік айыптаушы сотта сотталушының кінәсін дәлелдейтін барлық дәлелдемелерді ұсынды.

    Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, келтірілген залалды ішінара өтеген.

    Сот үкімімен кінәлі адам 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.

   Үкім заңды күшіне енді.

    Прокуратура азаматтарды сақ болуға, әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және мұндай фактілер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.

 Астана қаласының прокуратурасы