Астана қаласының прокуратурасы сотталғандарға арналған әлеуметтік акция ұйымдастырды

Астана қаласының прокуратурасы сотталғандарға арналған әлеуметтік акция ұйымдастырды

   Қала прокуратурасы мемлекеттік органдармен және бизнес қауымдастығының өкілдерімен бірлесіп, пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға арналған әлеуметтік акция өткізді.

   Іс-шараға 200-ден астам есепте тұрған тұлғалар қатысты. Олардың ішінде 87 адам жұмыс берушілермен сұхбаттасудан өтіп, оларды жұмысқа қабылдауға дайын екендігін білдірді.

   Мысалы, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыратын «Базис Астана» ЖШС бірқатар бос жұмыс орындарының бар екендігін хабарлап, 20 адамға жолдама берді.

   Сонымен қатар, есепте тұрған 40 азаматқа қаржылық мәселелер бойынша кеңес берілді. Оның ішінде 24 адам несие қайта құрылымдау және банктік шоттарға қойылған бұғаттауды алып тастау үшін «Қарызсыз қоғам» жобасының заңгерлерінің сүйемелдеуіне қабылданды.

   Қатысушылардың басқа бөлігіне ЭЦҚ алу, жеке куәлік беру үшін өтініш беру, қарыздар тізілімінен шығу бойынша көмек көрсетілді.

    Сондай-ақ жеке кәсіпкерлікті ашу, индустриялық сертификат алу, медициналық ұйымға тіркелу және тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мәселелері бойынша түсіндірме берілді.

 

Астана қаласының прокуратурасы