«Заң мен Тәртіп» қағидатын және «Жас Үміт» жобасын жүзеге асыру аясында Елорда прокуратурасы «Сарайшық» ауданы әкімдігі және Білім басқармасымен бірлесіп, өскелең ұрпаққа арналған нашақорлықпен күрес бойынша профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шара Достық үйінің этномәдени бірлестіктерінің қатысуымен ауқымды аудиторияны — 1,2 мыңнан астам колледж, университет студенттері мен мектеп оқушыларын қамтыды.
Бағдарлама аясында полиция қызметкерлері сөз сөйлеп, тақырыптық бейнеролик көрсетілді, жастардың салауатты өмір салтын ұстануға ынтасын арттыруға ықпал ететін спорттық көрсетілімдер және Астана қаласының ПД АЖДҚЖ бөлімшелерінің жауынгерлік дайындық элементтері ұсынылды.
Ұйымдастырушылар ерекше назарды тәуелділікпен күресте жеке тәжірибесі бар адаммен диалогқа аударды. Бұл іс-шараға шынайылық пен эмоционалды әсер қосты.
Іс-шараның маңызды бөлігі - жастарға мотивациялық үндеу жасаған блогерлердің, сондай-ақ бүкіл қоғам болып бірігіп, нашақорлық қаупіне қарсы күреске шақырған этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуы болды.
Бұл іс-шара ұлттық бірлік пен салауатты өмір салты құндылықтарын нығайтуға бағытталған.
Астана қаласының прокуратурасы