Астанада құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігі талқыланды

Астанада құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігі талқыланды

 

   «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында Астана қаласының прокуроры Е.Р.Өтегеновтің төрағалығымен жергілікті полиция қызметі мен ҚПК-нің 200-бабы тәртібінде қылмыстық қудалау органдары енгізетін ұсыныстардың тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған алқа отырысы өтті.

   Отырысқа Астана қаласы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі, Полиция департаментінің басшылығы, елорда әкімдігі мен «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты.

   Қазіргі уақытта Астанада қылмыстылық деңгейінің 10,3% (12 898-ден 11 566 фактіге дейін) төмендегені атап өтілді. Ұрлық, тонау, алаяқтық, бұзақылық, есірткі қылмыстары мен жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы құқық бұзушылықтар азайған. Бұл нәтижелерге профилактика субъектілерінің үйлескен іс-әрекетінің арқасында қол жеткізу мүмкін болды.

   Дегенмен, жасөспірімдермен жасалған қылмыстар, алкогольдік және есірткілік мас күйде, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық салада және қоғамдық орындарда жасалған құқық бұзушылықтар саны артқан.

   Негізгі міндеті құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларға жедел ден қою болып табылатын жергілікті полиция қызметіне ерекше назар аударылды. Полиция жұмысындағы кемшіліктер қылмыстық ахуалға тікелей әсер ететіні, сондықтан бұл саладағы олқылықтарға жол берілмейтіні баса айтылды.

   Қылмыстық қудалау органдары ҚПК-нің 200-бабына сәйкес енгізетін ұсыныстар бөлек қарастырылды. Бұл құрал қылмыстың алдын алу мен оның себептерін жоюдың тетігі ретінде тиімділігін көрсетті.

   Қала прокуроры қылмысты ашу құқық қорғау органдары жұмысының бір бөлігі ғана екенін баса айтты. Олардың алдын алу үшін уақтылы және тиімді шаралар қабылдау бірдей маңызды.

    Отырыс нәтижесінде жергілікті полиция қызметінің жұмысын күшейту, ҚПК-нің 200-бабына сәйкес ұсынуларды сапалы және уақтылы қарауды қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша қосымша шаралар қабылдау туралы шешім қабылданды.

Астана қаласының прокуратурасы