Елорда прокуратурасы тұрақты түрде инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын жүргізеді.
Талдау барысында уәкілетті орган тарапынан бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларынан (бұдан әрі – ЕТЖЖ) ауытқып, жер учаскелерін келісу фактілері анықталды.
Кейіннен инвесторлар өз жобаларын іске асыру барысында игеріліп жатқан жерлер бойынша ЕТЖЖ-ға сәйкес келмеуіне байланысты оң шешім ала алмаған.
Мәселен, инвесторлардың біріне құны 4,5 млрд теңге және 82 жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 600 оқушыға есептелген қазақ-неміс мектебін салу үшін жер телімі бөлінген.
Алайда, жер телімін тіркеу кезінде инвестор 5 рет бас тарту алған, себебі ЕТЖЖ бойынша бұл учаскеде сауда орталығы орналасуы керек болған.
«Сарайшық» ауданы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша 4 инвесторға олардың жалпы сомасы 7,5 млрд теңге құрайтын жобаларын, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар объектілердің құрылысын жүзеге асыру үшін жер учаскелері берілді.
Астана қаласының прокуратурасы