Қала прокуратурасы екі жеке сот орындаушысының әкімшілік айыппұлды өтеуге арналған қаражатты жымқыру фактілерін анықтады.
Олар екі жыл бойы сот актілерін орындап, мемлекет қазынасын толықтырудың орнына, өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, қаражатты иемденіп, жеке мақсаттарына, соның ішінде құмар ойындарға қатысуға жұмсаған.
Сол сияқты жеке және заңды тұлғалардың қаражаты да жымқырылған.
Жалпы шығын 26 млн теңгеден асты.
Сот орындаушыларына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, кейін олар келтірілген шығынды толығымен өтеді.
Тергеу нәтижелері бойынша уәкілетті орган оларды лицензияларынан айыру жөнінде шаралар қабылдайды.
Өз кезегінде, осыған ұқсас қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін уәкілетті органға қарыз сомасын тікелей өндіріп алушыларға аудару және атқарушылық санкцияны есептеу үшін жасанды интеллектті пайдалану ұсынылды.
Астана қаласының прокуратурасы