30-дан астам ата-ананы балабақшаға орын алып беремін деп алдаған

30-дан астам ата-ананы балабақшаға орын алып беремін деп алдаған

   Жергілікті тұрғын баласын балабақшаға орналастыруға үміттенген ондаған ата-ананы алдап, олардың ақшасын иемденген.

   Ол өз құрбандарын 2ГИС мобильді қосымшасындағы «Пікірлер» бөлімінен тапқан, онда ата-аналар балаларын мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдауға көмектесу туралы өтініштерін қалдырған. Осындай хабарламаларды көріп, ол ата-аналармен байланысқа шығып, өзін «делдал» ретінде таныстырып, сыйақы үшін «Indigo24.kz» жүйесі арқылы балабақшаға орналастыруға көмектесетінін айтқан.

   Қаражатты алған соң, жасырынған.

   30-дан астам алаяқтық фактісі анықталып, келтірілген жалпы шығын 1 млн теңгеден асқаны белгілі болды.

   Мемлекеттік айыптаушы оның кінәсін толық дәлелдеді.

   Сотта әйел өз кінәсін мойындап, өкінетінін білдірді және жәбірленушілерге келтірілген шығындарды жартылай қайтарды, қалған шығын одан өндірілді. Жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот оған 4 жыл мерзімге пробациялық бақылаумен бостандықты шектеу жазасын тағайындады.

   Үкім заңды күшіне енді.

   Прокуратура - жеке деректерді ашық дереккөздерде, әсіресе пікірлерде жариялау айтарлықтай қауіп тудыру мүмкіндігі жөнінде ескертеді. Мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі бейтаныс адамдардың ұсыныстарына сенбеңіздер.

   Барлық мемлекеттік қызметтер, соның ішінде балабақшаға кезекке тұру — тек ресми цифрлық платформалар арқылы жүзеге асырылады.

 Астана қаласының прокуратурасы